Елімізде 326 лото клуб қызметіне тосқауыл қойылды
Елімізде лотерея клубтарының атымен жұмыс істеген 326 заңсыз онлайн-казиноның жұмысы тоқтатылды.
Арнайы операция барысында Бас прокуратура қызметкерлері республика бойынша 570 лото клубқа тінту жүргізген. Нәтижесінде 23 бірлік атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн Ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, компьютерлік техника мен мобильді құрылғыларды тәркілеген.
Сондай-ақ шетелден онлайн-казино тарататын серверлер бұғатталды. Заңсыз ойын қызметінен бөлек клиенттерге интимдік қызмет ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткіні пайдалану фактілері тіркелген. Қазір күдіктілер ұсталды.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы:
- Арнайы операция барысында полицияға 400 астам адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған 8 адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары ұсталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 млн теңгені құрайтыны анықталды. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банктік шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түсіп отырған.