Аққулар құс тұмауынан қырылған
Болжам расталды. Маңғыстаудағы аққулар құс тұмауынан қырылған. Мұны Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Соңғы есеп бойынша өлген аққу саны 1040-қа жеткен. Алғашқы дерек өткен жылдың 21 желтоқсанында тіркелген еді. Көл қуының жаппай қырылуы 9 қаңтарға дейін жалғасқан. «Қазір жағдай тұрақталды, құс тұмауынан адамға және өзге құстарға қауіп жоқ»,— дейді мамандар. Ерлан Нысанбаев бүгін Үкімет отырысында кәсіпорындарда экологиялық талаптарды сақтау мәселелері жөнінде де есеп берді. Былтыр қоршаған ортаны зиянды газ, сұйық және қатты қалдықтармен ластау 3-8% дейін төмендепті. Экологиялық ахуалды одан әрі оңалту үшін биыл 100-ге жуық зауытқа автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізіледі. Автоматты құрылғы кәсіпорынның экологиялық талаптарды сақтауын қадағалайды.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
-Ең үздік қолжетімді технологияларға ауысқан компаниялар он жылға эмиссиялар үшін төлемдерден босатылатынын атап өтемін. Ал енгізілмеген жағдайда шығарындылар үшін төлемақы мөлшерлемелеріне 2025 жылдан бастап әр үш жыл сайын біртіндеп көтерілетін болады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Атмосфераның ғана емес, су ресурстарының да ластануы орын алып отыр. Кейбір кәсіпорындар өзендер мен көлдерге қалдықтарды рұқсатсыз төгуде. Компаниялардың осындай заңсыз әрекеттеріне халықтан түсетін шағым көп. Жалпы отандық кәсіпорындардың экологиялық қауіпсіздікті барынша арттыру үшін ресурс үнемдейтін және қалдықсыз технологияларды белсендірек енгізу қажет.