Бүгін – Ұлттық басылым күні
Осыдан тура 111 жыл бұрын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шықты. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов сынды ұлт зиялылары бастаған газет Алаш баласын «мемлекет құрамыз, ұлтымыздың санасын дұрыс арнаға бұрамыз, сондай-ақ азат ел боламыз» деген ұран астында біріктіруге ұмтылған еді. Ұлттың үнжарғысына айналған газеттер қазір Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен Ғылым ордасында сақтаулы.
«Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың әруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күш қосып, қызмет ету – қазақ баласына міндет.» 1913 жылы «Қазақ» газетінің беташар саны осындай аталы сөзбен басталды. Жалпы ұлттың ұлт болуы осы басылымнан бастау алды деуге негіз бар. Қазақтың сауаты, санасы, мәдениеті соған қарап қалыптасты. Себебі 20 ғасырдың басында қара-қырғыз атанып, төл атауымыз орыс-казакка тиесілі болды. Ал Алаш қайраткерлері оны басылымның атауымен қалпына келтірмек болды.
Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы, Міржақыптанушы:
- «Қазақ» газеті қазақ интеллегенциясының сол кезде трибунасы болды. Сол кезде үлкен оқиғалар болды. Бірінші – әлемдік соғыс, сол жердегі жағдай, қазақтың жағдайы, сосын дін мәселесі көтерілді. Әдебиет, мәдениет, барлық мәселе көтерілді. Қазақ халқының келешегі қандай болады? Әлихан, Ахметтер қазақты оятты. «Оян қазақ» деп жар салды.
Халықтың құлағы, көзі һәм тілі. Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетін өз заманында осылай сипаттаған. Оған негіз де жоқ емес. Қазақтың заң шығарушы органы, атқарушы және сот билігі мардымсыз кезеңде өкіметтің жұмысын атқарып, «төртінші билік» атанды. Басылымның басында Байтұрсыновтан бөлек, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы және Жанұзақ Жәнібекұлы тұрды. 1913-1918 жылдар аралығында басылымның 266 нөмірі жарық көрді. Ал тиражы 3 мыңнан 8 жарым мыңға дейін жеткен. Тіпті газет шет елдерде кең тараған. Осылайша өзге мемлекеттер Қазақ ұлтын тани бастапты.
Қайрат Сақ, Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы:
- Газет бүкіл қазақ даласына кең тарады. Сонымен бірге Ыстамбұлға, тіпті Мюнхенге дейін барып жаздырып алушылар болған. Газет жылдан жылға тиражы өсіп отырған, 8500 дейін көтерілген. «Қазақ» газетін тек тарих үшін ғана емес, ол бүгін де болашақтың да газеті деп қабылдаймыз. Себебі қазақта көтерілген мәселенің бәрі бүгін өзекті. Және қазақ бұқаралық ақпарат құралына үлгі болатындай газет.
Зерттеушілердің пайымдауынша, «Түркістан уәлаяты», «Серке» басылымдары жарыққа шыққанымен, «Қазақ» газетінің ұлт үшін рөлі айырықша болған. Себебі ол ел мүддесін көздеген жалғыз ақпарат құралына айналған. «Қазақ» газеті еліміздегі салалық журналистикаға да жол ашты. Бірінші және соңғы беттерінде жарнамалар берілгені – соның айғағы. «Ұлттық басылым күні» Алаш арыстарының еңбектерін ұрпақ санасында жаңғырту үшін қажет. «Қазақ» газеті сол кезеңде жалпы мұсылман, түркі жұртына түсінікті қаріпте басылып шығып тұрды. Ең алғаш «Қазақ» газетін зерттеген ғалымның бірі Үшкөлтай Субханбердина ондағы мақалалардың библиографиялық көрсеткішін жасаған.
Гүлшат Әбікова, ҚР Ұлттық кітапханасы сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі:
- 1998 жылы Үшкөлтай Субханбердина, Сәрсенбі Дәуітұлы, Қайрат Сақ бірлесе отырып, Қазақстан энциклопедиясы баспасынан осы «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылғы атауындағы жылдарды зерттеп, аударып, ішіндегі ең құнды деген халыққа қажетті деген ақпараттарды міне алғашқы кирилл әрпіне түсірілген кітабы осы.
Қайрат Сақ, Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы:
- Үшкөлтай Субханбердина 50 жылдары Әлкей Марғұланның тапсырмасымен Санкт-Петербургтегі Щедрин кітапханасында отырып алып, баспасөздің библиографиясын жазған. Мына ұлтымыздың құнды мұралары жоғалмасын, өліп кетпесін, тым болмаса, библиография ретінде із қалдырайық деп жұмыс істеген. Міне, сол Үшкөлтай апамыз ұсыныс жасап, осы топты құрып, «Қазақ» газетінің жинағын шығарайық деді. Біз сол 93-тен кірістік. 95-те кітапханаға өткіздік.
Ұлт зиялылары құрған газет ұлттық жаңғырудың қайнар көзі болды. Қазақ қоғамының рухани кемелденуіне ықпал етті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева желіде жариялаған құттықтауында атап өтті. Министр мерзімді басылымдарға ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанығына тоқталды. Айтуынша, елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының саны жыл сайын артып келеді. 1991 жылмен салыстырғанда 350 есеге өскен. Жалпы саны 5 мың 804 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3 мыңнан астамы мерзімді баспасөз басылымы, 1 мыңнан астамы ақпараттық агенттік және желілік басылым. Әлемде болып жатқан трендтерге қарамастан мерзімді басылымдардың жөні бөлек. Газет-журналдарға жазылу оңтайландырылып, қазір онлайн жүйесі енгізілген. Қазіргі міндет – ұлттық медианы дамытып, журналистердің мәртебесін көтеру.
Альмира Оразбай