Жұмыртқа бағасының өсуіне не себеп?
Қарағанды облысында жұмыртқа бағасы қымбаттады. Өткен жылы 10 дана жұмыртқа 450 теңгеден сатылса, қазір 520 теңгеден жоғары. Мамандар бағаның өсуін жұмыртқаға берілетін субсидияның алынып тасталуы және көршілес елдерден сұраныстың артуымен байланыстырып отыр. Субсидияны сылтауратып бағаны шамадан тыс шарықтатқан кәсіпкерлердің біріне 350 мың теңге айыппұл салынған. Өңірде 4 үлкен құс фабрикасы жұмыс істейді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында апта сайын сауда орындарына арзандатылған 1-ші сұрыпты жұмыртқа жеткізіледі. Ал әлеуметтік маңызға ие ұн, қарақұмық, қант, сұйық май бағасы 1-2% арзандаған. Облыста бағаны тұрақтандыру үшін 2 миллиард 675 миллион теңге бөлінді. 3 мыңға жуық кәсіпкермен азық-түлік бағасын қымбаттатпау жөнінде меморандумға қол қойылған.
Сырым Бошпанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
-Жергілікті құс фабрикаларымен біз жұмыс жүргізудеміз. Бірінші санатты тауық жұмыртқасын өткізу бойынша жұмыс жүргізіліп, қазір әр апта сайын біздің сауда нүктелеріне 94 мың дана арзандатылған жұмыртқа жеткізіліп, сауда үстемесін қосқанда ондығы 480 теңгеден сатылуда.