Күзде Екібастұзда балалар сарайы ашылады
Орталық іске қосылса қалада оқушыларды қосымша біліммен қамту деңгейі 70% жетеді. Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Олжас Бектенов оның құрылысымен танысты. Премьер-Министр коммуналдық-энергетикалық нысандарда да болды. Былтыр бұл салаға қомақты қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары басталған.
Балалардың шығармашылығын шыңдайтын сарайдың бүгінде іргетасы құйылып, алғашқы қабаты бой көтеруде. Ауданы 7 мың шаршы метр. Мұнда ғарыштық радиобайланыс клубы, робототехника, дыбыс жазу студиясы, ғылыми зертхана, шеберхана мен спортзалдар болады. Жаңа орталық ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделіп жобаланған.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мынау енді Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша салынып жатқан объект қой, сондықтан сапасы да өте жоғары болуы керек. Демеушілердің есебінен салынып жатыр сондықтан бәрі бақылауда болуы керек. Менің жеке бақылауымда болады. Президенттің өзі «екібастұздық балаларға арналған шығармашылық орталық болсын» деп айтқан. Сондықтан бақылауда ұстаңыздар.
Премьер-Министр Екібастұздағы коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарының барысымен де танысты. 2022 жылғы апаттан кейін бұл сала ерекше бақылауға алынған. Қаланың жылу желілерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Ал қазандықтар толықтай жөндеуден өтіпті. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен 16 млрд теңге бөлінген болатын.
Олег Щемель, «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры:
- Станцияда ауқымды жұмыс атқарылды. Қазандық қондырғыларында 8 күрделі және ағымдағы 2 жөндеу жұмыстары аяқталды. Ғимараттың шатыры, газ құбырлары және екі түтін құбыры мен қосалқы жабдықтарда жөнделді.
Үкімет басшысы сондай-ақ локомотивтерге, жүк және жолаушылар вагондарына арналған теміржол дөңгелектерін шығаратын кәсіпорынның қызметімен танысты. Бұл Қазақстанда осындай өнім шығаратын жалғыз зауыт. Негізі 2012 жылы қаланған компания бүгінде Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанға нарығынада шығып үлгеріпті.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы