Газдандыру ауқымы кеңейеді
2030 жылға дейін елді мекендерді газдандыру 65% жетеді. Бұл – Мемлекет басшысы қойып отырған меже. Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес қазіргі күннің өзінде бұл көрсеткіш 60% асып отыр.
Айталық, өткен жылғы статистикаға сүйенсек, елімізде 12 млн адам көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал биыл бұл мақсатқа 90 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ.
Атыраудағы құрылтайда Президент 4 ірі инфрақұрылымдық жобалар бастамасының аясында 1700 шақырым желі жаңғыртылып, 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Биыл «Талдықорған – Үшарал» магистралі, «Сарыарқа» газ құбырының үшінші кезеңі салынады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар мемлекетіне сапары аясында газға қатысты 4 мегажоба бойынша келісімге қол жеткенін айта кеткен жөн.
Атап айтқанда: «Ақтөбе – Қостанай» магистральды газ құбыры. Бұл осы атыраптағы тұрғындарды және өндіріс орындарын газбен қамтуға бағытталған.
Сондай-ақ еліміздің орталық аймақтарын газбен қосуға бағытталған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры жобасы және Қашаған кен орнында елдің газ ресурстық базасын арттыру мақсатында екі газ өңдеу зауыты салынатын болды.