Жем өзеніндегі жасанды бөгеттер бұзылып жатыр. LIVE
Атырау облысы Жылыой ауданындағы Жем өзенінің арнасын бұру үшін жасанды бөгеттерді жару жұмыстары жалғасып жатыр.
Аудандағы ахуал әлі де тұрақсыз. Судың деңгейі сәл түскендей болды. Дегенмен арқаны кеңге салуға ерте. Қауіп сейілген жоқ. Қазір қарғын судың деңгейін түсіру жұмыстары жалғасып жатыр. Сарбаздар кешеден бері өзен бойындағы жасанды бөгеттерді жарып, судың бағытын басқа арнаға бұруда. Бұл жұмыстар су деңгейін түсіруге мүмкіндік береді.
Қайрат Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары:
-Жем өзенінің сағаларын қазір ашып жатырмыз. Кезінде мына жақта көптеген жеке шаруашылықтар, сондай адамдар суды сақтап алу мақсатында көптеген кедергілер жасаған. Қазіргі таңда Құлсарыда жиналған судың кетуіне кедергі келтіріп тұр. Соған байланысты қазіргі таңда арналарды ашу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Құлсары қаласында 3 мыңға жуық тұрғын үй мен ғимарат суға кеткен. 28 мыңнан астам жылыойлық қауіпсіз жерге көшірілген. Аудан тұрғындары Құлсары қаласындағы эвакуациялық пункттерге, Теңіз кенішіндегі вахташылар қалашығына, Бейнеу ауданына эвакуацияланып жатыр. Қазір Теңіз кенішінде 6577 аудан тұрғыны орналасқан. Табиғи апаттан қиын жағдайда қалған Жылыой ауданының тұрғындарына Маңғыстау облысының азаматтары қол ұшын созып жатыр. Көрші облыстан келген 600-ден аса сарбаз бөгет соғу жұмыстарына жұмылдырылған. Ал Бейнеу ауданы мен Ақтау қаласының тұрғындары эвакуацияланған жылыойлықтарға көлік пен тегін қызмет көрсетіп жатыр. Сондай-ақ ыстық тамақ, киім-кешекпен де көмектесуде.