Хабар телеарнасы

Мопедтерді көлік ретінде тіркеу міндеттеледі

Мәжілісте «Жол жүрісі туралы» Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Өзгерістерге сәйкес мопедтер көлік құралына жатқызылып, міндетті тіркеуден өткізілетін болды. Жалпы бұл сұрақ көптен бері көтеріліп жүрген. Себебі олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеген.

Мәселен, былтыр 750 факт тіркеліп, 39 адам қаза тапқан болатын. 2024 жылғы статистика да жағымсыз болып тұр. 318 апат орын алып, 5 адам көз жұмды. Олар арнайы тіркеуге жатқызылмағандықтан, елдегі мопедтердің нақты саны да белгісіз.

Сондай-ақ оны кез келген адам айдап жүр. Арасында жасөспірімдер де бар. Бүгінгі құжатта осының бәрі бір жүйеге келтірілді.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-
Жүргізушіде A, B, C санатындағы куәліктері болған жағдайда мопедтерді басқаруға «A1» санаты автоматты түрде беріледі. Мопедтерді мемлекеттік тіркеу заң қабылданған соң 6 айдан кейін басталады. Осы заңда қозғалтқышы бар велосипед ұғымы да нақтыланды. Енді олардың жаяу жүруге арналған жолдар мен тротуарларда жүргізуге тыйым салынады.