Хабар телеарнасы

Оралдағы өндіріс орнында жұмысшы қаза тапты. Өңір жаңалықтары

Жазатайым оқиға кеше түнде әк зауытында болған. Кәсіпорында тасымалдаушы болып жұмыс істейтін 51 жастағы қызметкерді автомат қондырғы басып қалған. Ауыр жарақаттан жұмысшы сол жерде көз жұмды. Қазір жағдайдың жай-жапсарын арнайы комиссия анықтап жатыр. 

Ақтөбеде 9 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.

Болған оқиға салдарынан 18 жастағы жігіт жан сақтау бөлімінде қаза тапқан. Қалғандары ауыр халде, ем қабылдап жатыр. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, қала аумағындағы тұрғын үй ауласында жігіттер жанжалдасқан. Қылмыс жасады деген күдікпен төрт адам ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.

Атырау облысына қарасты Доссор кентінде тозығы жеткен екі пәтерлік 40 үйдің тұрғыны жаңа қонысқа көшіріледі.

Оларға баспана сатып алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд 600 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ аудан орталығында үш қабатты 60 пәтерлік үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биылдан бастап ескі үйлер кезең-кезеңімен бұзылып, орнына жаңасы салынады. Мақат ауданы бойынша 794 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр.

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» бастамасы қолға алынғалы бері 1600-ден аса сенбілік өтті.

Игі іске жастар мен мемлекеттік мекеме мамандары атсалысты. Жалпы акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ, 800 шақырымнан астам су арнасы тазартылды. 

Биыл Шығыс Қазақстан облысының шалғай аудандарына сапалы интернет тартылады.

Катонқарағай, Күршім және Үлкен Нарын аудандарындағы 170 мектеп интернетке қосылады. Қауіпсіздікті қамту үшін спутниктерді жеке ғимараттарға орнату көзделген. Жаңа интернеттің көмегімен 10 гигабайттан асатын файлдарды 1 сағат ішінде жүктеуге болады. Биыл SpaceX интернетіне 1 мың 967 мектеп қосылады.