Су тасқынынан 12 мыңнан астам мал қырылды
Еліміздің 9 өңірінде тасқын болғанда 12,5 мыңға жуық мал басы өлген. Оның басым бөлігі – ұсақ мал. Ал 139 мыңнан астамы қауіпсіз жерге көшірілді. Жауапты министрлік өлген мал үшін өтемақы беру алгоритмін бекітті. Жалпы ел қазынасынан 2 млрд 400 млн теңге қаржы бөлді. Қазір халықтан өтінім қабылдау белсенді жүріп жатыр.
Одан бөлек, Сібір жарасы көмілген 12 орын мен 8 мал қорымы су астында қалған еді. Министрлік ветеринариялық зертханамен бірлесіп, топырақ сынамаларын алды. Оның нәтижесі теріс болып шықса да, барлық қорымдар зарарсыздандырылды.
Мәселен, қазір 23 ауруға қарсы екпе егу жүргізіліп жатыр. Ал ауыл шаруашылығы жануарларына 26 аса қауіпті ауру бойынша 75 млн диагностикалық зерттеу жүргізу жоспарланған. 400 жеке және заңды тұлға ветеринариялық-санитариялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Бүкіл малды есептеген уақытта 9 млн жуық ірі қара бар. 24 млн жуық ешкіміз бар. 4 млн жуық жылқымыз бар. Соның бәрін есептегенде 170 манипуляция жасауымыз керек. Соның бүгінгі таңда 69 млн жасадық. 68 мал ауруы Қазақстанда тіркелген. Қазір енді 23-і қалған.