Хабар телеарнасы

Алматы облысының Ақши ауылы ауызсуға жарымай отыр

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылында бір апта бойы ауызсу болмады. Өткен ғасырдың 70-інші жылдарында салынған орталықтандырылған ауызсу құбыры жүйесі жарылып кеткен. Ауылда мұндай жағдай жиі қайталанады. Сол себепті Күрті ауылдық округінің әкімдігі арнайы техника бөліп, көше-көшеге ауызсу тасымалдау жұмыстарын ұйымдастырды. Құбырдағы ақау жөнделіп, Ақшиге ауызсу келді. Бірақ тіршілік нәрі ауыл тұрғындарына кесте бойынша беріліп жатыр.

Сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтерілген аптап ыстықта Ақши ауылының тұрғындары бір апта бойы ауызсу тапшылығын тартты. Күрті ауылдық округі әкімдігіндегілер жергілікті тұрғындарға сумен жабдықтау жүйесінде апатты жағдай болғанын және 3-4 күн бойы жөндеу жұмыстары жүретінін алдын ала хабарлаған. Тіршілік нәрі көше-көшеге арнайы техникамен тасымалданды. Абырой болғанда құбырдағы ақау жөнделіп, Ақшиге ауызсу берілді.

Меруерт Жолдыбайқызы, ауыл тұрғыны:

- Қысы-жазы осындай мәселе. Біресе ана жері жарылады, біресе мына жері жарылады. Ылғи осы. Үйімізде кәрі кісілеріміз бар, инвалидіміз бар. Бала-шаға бар, осы су мәселесінен ылғи қиыншылық көреміз. Бізде бау-бақша жоқ. Бау-бақша салайын десең оны суғаратын су жоқ. Арық жоқ бізде ГРП-да.

Гүлнәр Дүйсембаева, ауыл тұрғыны:

- Осы Ақшиде бір апта су болған жоқ. Су болмағанда бізде водовоз су тасып жүрді. Содан су алып жүрдік.

Дегенмен ауылға ауызсу арнайы кесте бойынша беріліп жатыр. Өйткені 1972 жылы төселген орталықтандырылған ауызсу құбыры жоғары қысымға шыдамайды. Ұзындығы 78 шақырымдық су құбырдың 50 шақырымы ауыстыруды қажет етеді. 20 шақырымдай құбыр 2005 - 2006 жылдары қайта төселген.

Нұрислам Сайлаубаев, Бозой топтық су құбыры мекемесінің басшысы:

- Халық 30 теңгеден төлейді. 368 теңге 89 тиын Үкіметтен бөлінеді. Мемлекет тарапынан субсидияланады. Жазғы мезгілде қысқы мезгілге қарағанда суды қолдану 3-4 есе жоғары. Белгілі бір кубқа дейін 30 теңгемен, одан кейін жоғары тарифпен төленетін қылып жасасақ, онда бізде ауызсудан проблема болмауы мүмкін.

Ақши ауылындағы ауызсу тапшылығын түбегейлі шешу үшін қаржы бөлініп, арнайы жоба жасалды. Алдағы жылы Қараой ауылынан Ақшиге дейін жаңа құбыр тартылмақ.

Төлеген Омаров, Күрті ауылының әкімі:

- Былтыр 63 млн қаражат бөлінген. Оны конкурстық жариялаумен 55 млн проекті жасайтын компания ұтып алды да, қазіргі таңда проектіні аяқтады. Енді сараптамаға кірді қазір, тіркелді. Сол себептен бір айдың ішінде арғы жағында сараптама шығады. Ол проект шамамен 4-4,5 млрд теңгенің суммасы болады.

Алматы облысындағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98%-тік межеге жетті. Дегенмен өңірдегі су құбыры желілерінің 65%-і әбден ескіріп, тозған. Кеңестік кезеңде төселген 641 шақырым құбыр, яғни 20 елді мекендегі сумен жабдықтау жүйелері қайта жөндеуді қажет етеді.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов