Жыл басынан бері көкжөтелден екі бала қайтыс болған. Өңір жаңалықтары
Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова айтты. Ауруы асқынып, көз жұмған баланың бірі Қарағанды облысынан, екіншісі Ұлытау облысында дүниеге келген нәресте. Еліміз бойынша айына 350-400 адам көкжөтел жұқтырады. Олардың дені екпе алмағандар екен.
Жасөспірімдер арасындағы жүктілік азаймай тұр.
15 пен 18 жас аралығында бала көтеру, түсік тастау және босану көрсеткіші әлі де жоғары. Әсіресе Түркістан және Маңғыстау облыстарында. «Оның салдары болашақта еліміздегі репродуктивті денсаулықтың әлсіреуіне алып келеді»,- дейді мамандар. Сондықтан республика бойынша осы апта «Репродуктивті денсаулық апталығы» болып жарияланды.
Соңғы 5 айдың қорытындысы бойынша сыртқы тауар айналымы 44 млрд доллардан асқан.
Оның 28 млрд доллары экспорт, қалғаны импорт. Былтырғымен салыстырғанда, елден шыққан тауар 5% артса, елге кірген жүк көлемі азайған.
Дегенмен жауаптылар кедендік шекарадан көлік пен жүк өткізу қабілеті 8 есе артқанын айтады.
Еліміздегі қоймаларда жиналған судың көлемі 75 млрд текше метрге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 15 млрд текше метр көп.
Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдерінің айтуынша, тасқын кезінде түскені 12 млрд текше метрден асады. Мол су ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп мақсатында қолданылады.