«Жылу энергетикасы туралы» заңда қандай өзекті мәселелер қамтылған?
Жылу орталықтарына жауапкершілік күшейеді. Себебі Президент «Жылу энергетикасы туралы» Заңға қол қойды. Саланың қызметін реттейтін дербес құжат елімізде алғаш рет қабылданып отыр. Оған сай енді жылу беретін мекемелер қызметін тоқтату үшін мемлекетке 5 жыл бұрын хабарлауы тиіс. Яғни, бұрынғыдай нысанның тоз-тозын шығарып, жол ортадан тастап кетуіне жол жоқ. Заңда тағы қандай мәселелер қамтылған?
Жылу энергетикасы туралы арнайы тұңғыш жеке Заң негізгі 3 бағытты қамтиды. Ол: жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету, жылу энергетикасы мен осы саладағы коммуналдық мекемелердің жауапкершілігін күшейту, яғни тұтынушылардың құқығын қорғау және қуат үнемдеуші һәм баламалы қуат көздері технологиясын кең қолдануға жол ашу. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет жылу энергетикасы саласына бақылауды күшейтеді.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұған дейін мына жылу энергетикасы саласында мемлекеттік реттеу саясаты өте әлсіз болды. Себебі ол электроэнергетика саласының ішінде болды, жылу энергетика соның бір көлеңкесінде қалып қойды да. Енді қазір өз алдына бөлек сала болғаннан кейін бұл жердегі мемлекеттік реттеу, бақылау, қадағалау осы заң арқылы іске асады.
Елдегі жылу электр орталықтарының халі қаншалықты мүшкіл екенін қыста көрдік. Сары аязда пәтерінде тоңған жұрт жылу берушілер туралы жылы сөз айтпағаны белгілі. Сарапшылардың есебінше, елдегі жылу электр орталықтарының 66 проценті әбден тозған. Ескірген жүйенің шығыны көп болатыны белгілі. Ал ол тариф түрінде тұтынушының қалтасын қағады. Алғашқы қадам 5-6 аймақта жаңа жылу электр орталықтарын салу туралы шешім қабылданды. Ал Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларындағы жаңа қазандықтар газбен жұмыс істейтін болады.
Медет Ұсайын, Қызылорда облыстық энергетика басқармасының басшысы:
- Жаңа жылу-электр орталығының қуаты 240 мегаватт электр энергиясын шығарса, 277 гигакалорий жылу энергиясын шығаратын болады. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүруде. Жоспар бойынша жаңа жылу-электр орталығын 2025 жылдың тамыз айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Жаңа Заңға сәйкес ескірген қазандықтарды меншік иелері жөндеуге міндетті. Қазаншының өз еркі, қайдан тариф шығарса деген өзімбілермендік те болмайды дейді сарапшылар. Жылу ақысын негізсіз өсірген жылу-электр орталықтары айыппұл арқаламақ.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бекітілген бағдарламасына сәйкес ақша жұмсалмаса, 10 пайыз айыппұл төлейді. Ол біраз ақша. Немесе сол ақшаны өзінің кірісіне пайдаланып заңды бұзатын болса, 20 пайызға дейін айыппұл төлейді.
Бұл заң сонымен бірге жылу энергетикасын баламалы қуат көздеріне ауыстыру жағына да жол ашпақ. Оған нақты тетіктер де бар дейді мамандар. Заңнамада тұтынушылардың құқығын қорғау жағы да қарастырылған. Мәселен, жылу орталығының кесірінен тұрғындар зиян шексе, шығынын коммуналдық мекемеден өндіріп алуға құқық беретін тетіктер жазылған.
Авторлар: Дамир Берікұлы, Нәзия Тұяқова.