Қостанай облысында су тасқынынан бұзылған жолдардың 14 учаскесі қалпына келтірілді
Қостанай облысында су тасқынынан бұзылған жолдардың 14 учаскесі қалпына келтірілді. Бұл су шайып, бүлінген жолдың төрттен бір бөлігі. Ал зақымданған төрт көпірдің екеуін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр.
Амангелді ауданында көктемгі тасқын бес бағыттағы жолды бұзып, көлік қозғалысын қиындатты. Мысалы, Үрпек ауылына дейінгі 16 шақырым жолдың 12 шақырымын су шайып кеткен. Жергілікті халық екі аптадан артық қайықпен қатынады. Қарғын судың екпіні қайтқасын жергілікті шаруашылықтар өз күшімен уақытша өткелдер салған. Ал бір ай бұрын мердігер компания жолды қалпына келтіру жұмыстарын бастады.
Ахметбек Қанафин, Үрпек ауылының тұрғыны:
- Қазір істеп жатыр. Жақсы енді. Қатынас бар. Тегістеп, жақсартып жатыр. Тас төсейді дейді щебенкамен. Асфальтты келесі жылы деді ау деймін. Биыл төсесе, тіпті жақсы болар еді.
Сала мамандарының айтуынша, биыл жол тегістеліп, суағар құбырлар салынады. Содан соң сараптама жасалып, асфальт төсеу жұмысының жобасы дайындалады. Мұнан бөлек Үрпек-Қабырға бағытында су шайған 22 шақырым жол қалпына келтірілді. Тасты, Байғабыл ауылдарының кіреберістері жөнделді.
Малшыбай Қаласов, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:
- Содан кейін Степняк ауылында суағар құбырларына зақым келді. Оған да суағар трубаларын айырбастауға, одан кейін жолды дұрыстап көтеріп, қиыршық тас төсеуге жобалық сметалық құжаттарын қазіргі текте жасалып, экспертизаға алынып, енді қаражат сұратып жатырмыз.
Биыл Амангелді ауданында су бұзған жолдар толық қалпына келтірілуі тиіс. Ал Жангелдин ауданында барлық алты бағыттағы жол бұзылған. Мамандар қазір оларды жөндеуге қанша қаржы қажеттігін есептеп жатыр. Бұл жұмыс шілде айында аяқталуы тиіс. Ал тасқынға қатысы жоқ, бұған дейін қабылданған жобалар жоспарлы түрде жүргізіле береді.
Серік Айтқұлов, Жангелдин аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Биылғы басталып жатқан жоба Шұбалаң - Қарасу деп талады. Яғни 59,7 километрден Ахмет Байтұрсынұлы ауылына дейін. Ол жоба бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері толығымен өткізілген, қазіргші таңда мердігер жұмысын бастап, кірісіп жатыр.
Облыстағы жолдардың кейбір тұстарын әлі су басып жатқандықтан, жөндеу жұмыстары келесі жылға шегерілуі мүмкін. Жалпы биыл 1200 шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 36 млрд теңгеден аса қаржы қаралған.
Авторлар: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг Қостанай облысы Хабар.