Қарағанды облысында 14 адам баспанасыз қалды. Өңір жаңалықтары
Қарағанды облысының Молодёжный кентінде қос пәтерлі екі үй өртеніп, 14 адам баспанасыз қалды. Қазір олар туыстарын паналап жүр. Ал өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оны сөндіру кезінде қатар тұрған екі гараждың шатыры да құлаған. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.
Маңғыстау облысында экологияға зиян келтірген мекеме айыппұл арқалады. Табиғат қорғау прокурорлары «ЖалғызТөбеМұнай» компаниясының биыл қаңтарда мұнай және ілеспе газды рұқсатсыз өндіргенін анықтады. Енді мекеме 7 миллион 800 мың теңге айыппұл төлейді.
Солтүстік Қазақстан облысында білім беру саласының 3 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды. Олар бюджеттік өтінімдерді дайындау кезінде оқушыларды тамақтандыру шығынына қосылатын 12 пайыздық құн салығын есепке алмаған. Прокурорлық тексеру нәтижесінде 6 кәсіпкердің құқығы қорғалып, келісімшарт құны 5 миллион 600 мың теңгеге ұлғайтылды.