«Дене шынықтыру және спорт туралы» Заң өзгертіледі
Мұны бүгін Президент айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Ал ұлт саулығын сақтауда бұқаралық спорттың маңызы айрықша. «Шын мәнінде бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін беруі тиіс. Ал депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн»,— деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
-Біз нені енгіздік? Біз легионерлерге спорттағы, мемлекет бюджетінен мүлдем ақша төлемеу керек дедік. Ол трансфері, жалақысы, басқасы бар, мүлдем бір тиын ақша төлеуге болмайды. Квазимемлекеттік сектордан да легионерлерге бір тиын ақша төленбеуі керек дедік. Бұл нормаларды қазір Үкіметке жібердік қорытындыға. Бірақ бірден айтайын, жұмыс тобында депутаттар бірауыздан қолдады.
Президент «әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет» екенін айтты. Қарулы Күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы тиіс. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан «Сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқыққорғау мекемелерінің басшылары жауапты»,— деді Мемлекет басшысы. Осы тұста Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская әскерде жүріп жансақтау бөліміне түскен Ербаян Мұхтардың жағдайына көпшіліктің алаңдаулы екенін жеткізді. Ресми дерекке сай, Ұлттық ұланның әскери бөліміндегі әжетханада құлап, басымен тақтайшаға соғылғанын жауаптылар ата-анасына хабарлаған. Алайда ата-анасы мұның барлығы соққының салдары деп есептейді. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова науқастың жағдайы әлі де ауыр екенін, медициналық қызметшілердің қосымша көмегі қажет болса, оны беруге дайын екендігін мәлімдеді.
Юлия Кучинская, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
-Әскерге кеткен сау әрі сымбатты жігіттің бүгінгі хәлі өте ауыр. Төсек тартып, ауруханада жатыр. Бұл жерде өте қатаң жауапкершілік болуы керек. Дегенмен әрбір азамат Отан алдындағы борышын әскерде өтеуі тиіс. Олардың қауіпсіздігі үшін қатаң шара қабылдануы керек.