Қазақстан мен Қырғызстан шекарасынан сауда-логистикалық кешен салынады
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасынан сауда-логистикалық кешен салынады. Ірі индустриялық орталық Қордай ауданы маңындағы «Қарасу» және «Ақ тілек» шекара бекеттерінің маңынан бой көтермек. Аумағы 7,5 шаршы шақырымнан асатын алып қоймада тауар сақталады, сонымен қатар зауыт-фабрикалар да пайда болуы мүмкін. Бүгін Сенат депутаттары тиісті келісімді ратификациялады. Айта кетейін, екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы 3 жылда 2 есе өсіп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,6 млрд АҚШ долларына жеткен. Оның басым бөлігі - Қазақстандық өнімдердің экспорты.
Ләззат Рысбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Келісімді іске асырып, кешенді салу тауар айналымы барысындағы делдалдарды азайтып, өнімнің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деген болжам бар. Сондай-ақ бұл жоба тауардың діттеген жеріне жылдам жетуіне де септігін тигізеді.
Алайда кешеннің қазақстандық бөлігін салатын инвестор әлі күнге дейін анықталмаған. Жамбыл облысының әкімдігі 3 рет конкурс жариялағанымен, бірде-бір компания бұл істі қолға алуға келіспепті. Ал жобаның жалпы құны 30 млрд теңге деп бағаланып отыр. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев: «Кәсіпкерлер қазір аталған келісімнің ратификацияланғанын күтіп отыр», – дейді. Заң күшіне енген соң инвестор да табылар деген үмітте.