Сарапшылар: Орталық Азияның атом энергиясына қызығушылығы жоғары
Соңғы жылдары атом энергетикасы қарқынды дамып жатыр. Бүгінде әлемде 440 реактор электр энергиясын өндіреді. Жобаланған және жоспарланған реакторлардың саны да шамамен осындай. Көптеген елде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атом энергетикасының маңызы зор. Сондай-ақ қоршаған ортаға көмірқышқыл газды шығармай, электр энергияны өндіріп, климаттық дағдарысты еңсеруге елеулі үлес қосып келеді. Келесі сюжетте осы саладағы жетекші елдердің тәжірибесін білеміз.
Әлемде атом энергиясының өндірісі артып келеді. МАГАТЭ есебінше, былтыр 370 гигаваттан аса қуат өндіріліпті. Бірінші орында АҚШ тұр, одан кейін Қытай мен Франция. Соңғысында ең қуатты реакторды іске қосу процесі басталды.
Үш айдан соң жаңа Фламанвилль атом электр станциясы энергия өндіруге кіріседі. Швейцария билігі бұған дейін станция салуға енгізілген тыйымның күшін жоюды шешті. Жаңа жобалар да қолға алынып жатыр. Чехия екі реакторды салу туралы келіссөздер бастады. Ұлыбритания үкіметі де осындай жобаны талқыға салды. Ал Кения билігі алғашқы атом электр станциясының құрылысын жүргізетінін мәлімдеді. Бұл әлем елдерінде атом энергетикасы саласы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Стефан Обарбье, Assystem компаниясы бас директорының орынбасары:
- Әлем бойынша жалпы өндірілген энергияның 10%-ін АЭС шығарады. Қазір көп ел ауаға көмірқышқыл газын шығаруды барынша азайтуға тырысып жатыр. Сондықтан жаңғыртылатын қуат көздерімен бірге атом энергетикасының да үлесі артады. Алдағы уақытта бұл сала Еуропа, Таяу Шығыс, Үндістан, Қытай, Солтүстік Америка және әрине, Орталық Азияда дамиды. Өйткені бұл – өндірісі дамып, энергияға сұраныс өсіп жатқан өңір.
Қытай – әлемдегі энергияны ең көп өндіруші және тұтынушы елдердің бірі. Көрші мемлекеттің шығысында және оңтүстік-шығыс бөлігінде энергияға сұраныс жоғары. Себебі елдің негізгі өндіріс орындары осы аймақта. Әрі халық тығыз орналасқан. Елде кейінгі 10 жылда энергияға сұраныс күрт артты. Мыңдаған зауыт пен миллиондаған тұрғыны бар шаһарларды тұрақты, әрі қауіпсіз қуат көзімен қамтуға тек АЭС қана қауқарлы. Бұған дейін аспан асты елі АЭС-ке қажетті қондырғылардың басым бөлігін шетелдерден экспорттап келді.
Қытай билігі бұған стратегиялық мән беріп, бүгінде құрылысқа керекті 90% жабдықты өздері шығарып отыр. Аспан асты елінің тәжірибесін халықаралық атом энергиясы агенттігі «МАГАТЭ» мойындап отыр. Қытайлықтар бір атом энергоблогының құрылысын 60 айда толықтай бітіре алады. Көрші елдің компаниялары халықаралық нарыққа шығып, өзге елдерге АЭС салумен айналысуда.
Бүгінде әлемде Қытайдың үшінші буынға жататын «Хуалонг-1» ядролық станциялары танымал. Жылдық қуаты 1200 мегаватқа дейін жететін энергоблоктар Пәкістанда да жұмыс істеп тұр.
Инь Сиджун, China National Nuclear Corporation Overseas LTD компаниясы Орталық Азия бойынша департаментінің бас директоры:
- Қытайда ең алғашқы атом энергоблогы 1991 жылы іске қосылды. Құрылысы тура 1986 жылы Чернобыль оқиғасымен тұспа-тұс келген кезең болатын. Жасыратыны жоқ, ол өте қиын кезең еді. Халық түрлі пікір айтты. Қарсы шыққандар да болды. Алайда батыл қадамның арқасында энергия тапшылығын жойып, ел экономикасын дамытуға бағытталды. Бүгінде біздің үшінші буын АЭС-тердің қауіпсіздігі аса жоғары. 30 жылда бірде-бір апат болған емес.
2022-ші жылға дейін АЭС салу бойынша реакторлар мен ядролық отынмен жабдықтау, станцияларды жабу және қалдықтарды залалсыздандыру бойынша халықаралық келісімшарттардың шамамен жартысы Ресейдің үлесінде болған.
Сондай-ақ уранды байыту бойынша көш бастап тұр. Оның үлесінде 27,7% болса, негізгі бәсекелестері Қытай мен АҚШ-тың үлесінде 6,3% пен 4,9%. Қазіргі тұста елдің атом саласында 250 мыңнан аса адам жұмыс істейтін 400 кәсіпорын мен мекеме бар.
Сонымен қатар Ресей – мұзжарғыш атом флоты бар әлемдегі жалғыз ел. Дүниежүзінде жаңа реакторлардың үштен бірін салып жатыр. Қытай, Түркия, Үндістан, Иран мен Мысырда құрылысын жүргізеді. Жалпы сарапшылардың айтуынша, АЭС құрылысындағы бір жұмыс орны онымен байланысты салаларда он жаңа жұмыс орнын ашады. Осылай атом энергетика елдің экономикалық өсімі және ғылыми зерттеулердің дамуына күшті серпін береді.
Андрей Выползов, «Стан-Центр» сараптау агенттігінің жетекшісі:
- Атом станциясы салынғанда, бірден жаңа қала салынады. Әдетте онда 20-30 мың адам тұрады. Бұл – станция қызметкерлері мен олардың туыстары. Ресейді алатын болсақ, сол қалалардан ешкім кетпейді, өйткені жалақылары өте жақсы, әрі жоғары сапалы жұмыс орындары бар. Сонымен қатар атом станциясы салықтарды жергілікті өңірдің қазынасына төлейді. Осының арқасында станция орналасқан облыс өркендейді.
Жалпы осы елдердің тәжірибесіне қарап, атом энергетикасының экономикалық пайдасы зор екенін көруге болады. Атом электр станцияларын салуға құйылған инвестициялар жаңа жұмыс орындарын құрып, ғылымыи-техникалық сектор мен инновациялардың дамуына әкеледі.