Хабар телеарнасы

Маңғыстаулық оқушылар неден уланды?

Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылында оқушылардың неден уланғанын тергеу тобы анықтайды. Бірлескен жұмыс тобының іс-әрекетін облыс прокуратурасы үйлестіреді. Оның құрамында полиция, экономикалық тергеу департаментінің тәжірибелі қызметкерлері бар. Айта кетсек, 6 қыркүйектен бері 460-қа жуық оқушы дәрігерге қаралды. Соның ішінде 377 бала амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді. Қазір Ақтаудағы балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде 83 бала жатыр. Бұған дейін жансақтау бөліміне түскен екі оқушының беті бері қарап, бүгін жалпы палатаға ауыстырылды. Мамандардың айтуынша, бүгін-ертең мектеп асханасынан алынған сынамалардың қорытындысы жарияланады.

Бекболат Ізбасаров, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан қажетті сынамалар алынған болатын. Олардың бүгін-ертең қорытындысы шығуы керек. Балалар ауруханаға түскен кезде тағамдық токсикалық инфекция белгілерімен түскен болатын. Яғни іш ауруы, құсу және жүрек айнуы, іш өтуімен белгілерімен түсті. Қазір оқушылардың барлығы консервативтік ем қабылдап жатыр. Яғни антибактериалды терапия, сонымен қатар дегритадациялық емдерді қабылдап жатыр.