Ақмола облысының шаруалары шығынға батуы мүмкін
Себебі аймақта екі аптадан бері жауын-шашын толастар емес. Шаруалар тағы шығынға батамыз деп алаңдаулы. Ендігі жағдай қалай болмақ?
Білікті шаруа Нұрлан Ахметов екінші жыл осындай жағдайға тап болып отыр. Жаз бойы күтіп, баптаған егіні шылқыған судың астында қалған. Оның үстіне «жығылғанға жұдырық» болып, егініне септориоз бен тат ауруы тараған.
Нұрлан Ахметов, шаруа:
- Менің егінімді, маңайдағы фермерлердің егіндерін септориоз, трипс жеді. Оны дәрілеуге қарызданып жүріп дәрі алдық, ал дәрілеуге ауа-райы жол бермеді. Жаңбырдан жаңбыр. Мына егінді басымыз қатып отыр, жығу керек. Жықпаса болмайды. Кептіру керек.
Тәуелкелге бел буған шаруа алдағы апта астықты жығуға кіріспек. Бірақ жауын тоқтамаса, жығылған егін қайта өсіп шығуы мүмкін. Одан қалды ылғалды бидай тұқымға да жарамайды. Сапасынан бөлек, бағасы да түседі. «Сондықтан шаруа биыл бидайдың бағасын кем дегенде 100 мыңға көтеру керек»,- дейді.
Нұрлан Ахметов, шаруа:
-Ячменнің бағасын 48-50 қыламыз дейді, ал бидайды үшінші классын 85-88 қыламыз дейді. Оны 85-тен басынан бастап алмайды. Биыл үшінші класс бола ма, болмай ма ол Алланың қолында. Өйткені биыл егін дымқыл болады. Төртінші, бесінші класс болса соған тәубә, қанағат дейміз.
Шаруалардың базасын жергілік билік өкілдері Үкіметке жеткізген. Ал астықтың бағасы қанша боларын кесіп айта алмайды.
Кенеш Әлімжанов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Астықтың бағасы қыркүйек айының басында белгілі болады. Қазір біз нақты айта алмаймыз. Үкімет отырысында шаруалардың бидай бағасын көтеруге қатысты ұсынысы қаралды. Әрине, жергілікті диқандардың алаңдауы орынды. Себебі көбінің былтырғы қарыздары бар.
Осылайша, шаруалар бітік шыққан өнімді уақытында жинай алмаймыз ба деп алаңдаулы. Биыл егін сапасы ауа райына байланысты болғалы тұр. Сондықтан астық түсімін емес, шығынын есептеп әлек.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный