Хабар телеарнасы

Алматы облысында газ жарылысынан бір адам қаза тапты

Алматы облысындағы тұрғын үйде газ жарылып, бір адам қаза тапты. Оқиға Қарасай ауданы, Жалпақсай ауылында болды. Жойқын жарылыс үйді түгел қопарып тастады. Апаттың неден болғаны әзірге белгісіз.

Бұланты көшесіндегі №4 екі қабатты үйдің қазіргі жағдайы осындай. Үлкен үй екі адамға тиесілі екен. Соның жарылыс болған бөлігі түгел қирады.

Жарылыстан кейін үй үйіндіге айналды. Көрші үйлердің қабырғалары қақырап, қоршаулары бұзылды. Куәгерлердің айтуынша, оқиға болған кезде үй иесінен басқа бұл жерде төрт адам болған. Бірақ олар зардап шекпеген.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жарылыс кеше кешкі сағат 18:03-те болды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар үйінді астынан 67 жастағы ер адамның денесін алып шыққан. Марқұмның туыстарымен тілдесуге мүмкіндік болмады. Көршілерінің айтуынша, ол жақында ғана терезелері мен шатырын жөндеп, қысқа дайындалыпты. Үйдің екінші жартысы да оңып тұрған жоқ. Иесі Артем Беличенко енді не істерін білмей дал.

Артем Беличенко, Жалпақсай ауылының тұрғыны:
-Хабарды ести сала үйге қаладан келдім. Көршіміз аман еді. Оны үйінді астынан әрең дегенде шығарып алды. Артынан төтеншеліктер зембілге салып алып шыққанын ғана білемін. Бірақ мерт болыпты. Үйдегі газды бірнеше рет тексердік. Ешқандай ақау жоқ еді.

Қираған үй табиғи газ құбырына былтыр қосылған. «Ғимараттағы барлық техника мамандардың бақылауынан өтті»,— дейді елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ететін компания басшысы.

Ерлан Тойжан, «Алматыгазсервис - холдинг» АҚ президенті:
-Біздің қызметшілер келіп толық қызмет көрсетеді. Барлық жабдықтарды, крандарды, соединенияның барлығын тексеріп шықты. Ол әртүрлі жағдай болады. Кран бітеліп қалуы мүмкін немесе қазандығы дұрыс істемеуі мүмкін. Ондай қорытынды айту мүмкін емес.

Қайғылы жағдайдан кейін Қарасай аудандық прокуратурасы тексеріс бастады. Төтеншеліктер жарылысқа газбен жабдықтау жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Бірақ нақты себебі арнайы сараптамадан кейін белгілі болады. Оның қорытындысы 1 апта көлемінде шығуы мүмкін.

Авторлары: А.Садуақас. С. Бейсекенов