Хабар телеарнасы

«SARAP»: Сауалнамаға қатысқандардың 64%-ы референдумға қатысуға дайын

Сауалнамаға қатысқандардың 64%-ы референдумға қатысуға дайын. Бұл бүгін Ақтауда ұйымдастырылған «SARAP» сарапшылық клуб отырысында айтылды. Қоғамдық даму институтының сарапшылары 17 облыс пен республикалық маңызға ие 3 қалада болып, тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Оған 8 мыңдай адам қатысып, соның 64%-ы жалпыұлттық референдумға қатысуға дайын екенін жеткізген. Сондай-ақ басқосуда энергетикалық қауіпсіздік мәселесі талқыланып, референдумға дайындық барысы сөз болды. 

Олжас Бейсенбаев, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары:
-АЭС-тің салуына қатысты жергілікті тәжірибелі мамандардың да пікірін білсек деген ойдамыз. Өйткені, мәселен біз Алматы облысында, Солтүстік Қазақстан облысында да жергілікті тәжірибелі мамандардың пікірін естідік. Енді бүгінгі жағдайда АЭС салудағы қауіпсіздік мәселесі, экология мәселесі, маман даярлау, міне осы сұрақтарға қатысты өңірлік призмадағы сұрақтарды қарастырып көрмекпіз.