Хабар телеарнасы

Өзбекстанда 600 қазақстандық референдумда дауыс береді

6 қазан күні сыртта жүрген қазақстандықтар әлемнің 61 елінде ашылған 76 сайлау учаскесінің бірінде дауыс бере алады. Елшіліктер арасындағы ең үлкен сайлау учаскесі Өзбекстанда болса, Вена қаласындағы сайлау учаскесі ел намысын қорғауға баратын футболшылардың референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауына мүмкіндік беріп отыр.

6 қазан күні Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі жанында №399 референдум учаскесі өз жұмысын бастайды. Қазір онда қызу дайындық жүріп жатыр. Мұнда екі дауыс беру кабинасы мен жәшіктер қойылған. Учаскелік комиссия төрағасының айтуынша, референдум күні Ташкенттегі жоғары оқу орындарында оқитын Қазақстан студенттері уақытша жұмыс істейтін және тұратын отандастар, сондай-ақ туристік мақсатпен жүрген азаматтар елшілік ғимаратына барып, таңдау жасай алады. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 7-де басталып, 20:00-де аяқталады.

Жасұлан Ысқақов, №399 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:
-Бізде 600 адам тіркелген. Соларды күтіп отырмыз. Бізде елшіліктер арасында ең үлкен сайлау учаскесі. Қазіргі уақытта Өзбекстан шипажайында 200 қазақстандық ем алып жатыр. Соларға көшпелі жәшікпен барып, дауыстар аламыз.

Венадағы №372 учаске де дауыс берушілерді қабылдауға дайын. Ол Қазақстанның Австриядағы елшілігі ғимаратында орналасқан. Дауыс беру күні яғни 6 қазанда осы елде уақытша жүрген немесе тұрып жатқан қазақстандықтар елшілікке барып таңдау жасай алады. Бұдан бөлек, Австрияға келетін ұлттық құрама футболшылары үшін көшпелі дауыс беру жәшігі қарастырылған. Естеріңізге сала кетейік, Ұлттар лигасының кезекті топтық кездесуін өткізу үшін Қазақстан құрамасы Линц қаласына барады.

Ермұхан Баймұрынов, №372 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:
-Участок бойынша 173 қазақстандықтар тіркелді. Біздің комиссия барлық қазақстандықтардан референдумге белсенді қатысуын күтудеміз.

Айта кетейік, атом электр станциясының құрылысына қатысты референдумда сыртта жүрген отандастарымыз әлемнің 61 еліндегі 76 сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Авторлары: Алуа Маханбет, Рауан Мыңбаев, Жанат Эрнст