Атырау облысында қамыс өртеніп жатыр
Атырау облысы Құрманғазы ауданында қамыс өртеніп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, өрт Каспий теңізіне жақын аумақтағы 8 гектар жерді шарпыған. Қызыл жалынды сөндіру қиындық туғызуда. Батпақты жермен өрт сөндіру көліктері жүре алмайтындықтан, тікұшақ жұмылдырылған. Әуеден су шашу арқылы өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Департамент мамандары елді мекендерге қауіп жоқ екенін айтады. Бүгінге дейін 1,5 гектар жерде өрт сөндірілген.
Айсұлу Келдіғалиева, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:
-Бүгін таңнан бастап қайтадан қызметкерлер өрт сөндіру жұмыстарына шығып кетті. Қазіргі уақытта Қазавиақұтқарудың су төгу құрылғысы бар тікұшағы қайтадан жұмылдырылып, бүгінгі әуеден су төгу арқылы және жаяу тұрғыда өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін енді 25 қызметкер, 1 тікұшақ, 1 трекол автокөлігі жұмылдырылды.