Хабар телеарнасы

15 қазан – Ауыл әйелдерінің халықаралық күні

Бүгін – Ауыл әйелдерінің халықаралық күні. Атаулы күн елді мекендердегі нәзік жандылардың жағдайын жақсарту мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен қабылданған. Ұйым өкілдерінің айтуынша, дамушы елдерде өндірілетін азық-түліктің 80% әйелдердің үлесіне тиеді. Бірақ көп жағдайда олардың еңбегі құқықтық жағынан қорғалмаған. Егер олар өндірістік ресурстарға ерлермен тең дәрежеде қол жеткізе алса, әлемдегі аш құрсақ жүрген адамдар саны 17%-ға азаяр еді. Сондықтан аталған ұйым және оның серіктестері ауыл әйелдерінің мәселелеріне көбірек көңіл бөлуге үндейді. Ал біздің елде ауыл әйелдері білім, денсаулық сақтау саласынан өзге, сауда, орман, балық және ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша бүгінде елімізде 20 201 849 адам өмір сүріп жатса, оның 10 332 668-і әйел. Соның 36,9% ауылда тұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ауыл әйелдерінің тұрмысын түзетуге арналған іс-шараларды жалғастыра бермек.

Спабек Садықов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

-Жыл сайын жүзеге асырылып жатқан қолдаудың бір түрі. Яғни ол оқу арқылы өзінің кәсіп ашуына, ашу түрлерін, жолдарын оқып үйренеді. Биылғы жылы 28 мыңға жуық әйел азамат оқып, 25 мыңы қазіргі таңда сертификатын алып отыр. Одан бөлек кәсіпкерлікті қолдау мақсатында біздің министрлік тарапынан берілетін 400 айлық есептік көрсеткіштік қайтарымсыз грант бар.