Онлайн несие алу тәртібі өзгере ме?
Енді қазақстандықтар 5 минутта онлайн несие рәсімдей алмауы мүмкін. Қазір оны беру уақытын ұзарту туралы мәселе қаралып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты. Мәжіліс депутаттары болса: «Қарыз алудың бұл тәсілін біржола тоқтату қажет»,– деп санайды. Себебі алаяқтық деректері жиілеген. Ал азаматтар алмаған ақшасы үшін жылдап төлем жасауға мәжбүр.
Мұндай қаржылық алаяқтықтың нақты санын дөп басып айту қиын. Бір ғана мәжілісмен Мұрат Әбеновтің атына 270 адамнан хат келіпті. Бәрінде ұқсас жағдай. Белгісіз біреулер банктен олардың атына несие рәсімдеп, ақшаны басқа номерге, басқа есепшотқа аударған. Депутаттар «онлайн несиені тоқтату қажет» деп қайта-қайта бастама көтеріп жатқандығы да сондықтан.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Халық өзі қорғана алмайды. Әр банкте қаншама заңгерлер бар. Сотқа барады. Соттың барлығы банкке шешіп береді. Ресейді қараңыздар, 30-40% жағдайда тұтынушылардың құқығын қорғап, банктің өзін мәжбүрлейді. Бізде 100% тұтынушылар ұтылады.
Қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы былтыр 18 трлн теңге болған. Биыл ол көрсеткіш 21,7 трлн теңгеге жетіпті. Оның жартысы кәсіпкерлікті дамытуға берілсе, қалғаны - тұтынушылық несие. Кредиттің артуымен қатар алаяқтық та дамуда.
Асхат Рахымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Мәселенің басы ақпараттың дұрыс қорғалмауында жатыр. Банктен азаматтардың жеке деректері сыртқа кетеді. Салдарынан адамдар алаяқтарға алданады. Ал полиция тарапынан ол алаяқтарды ұстау бойынша нақты қадамдар жасалынып жатқан жоқ. Міне сондықтан да онлайн несиені тоқтату туралы бастаманы мен де қолдаймын.
Алаяқтықты тоқтатудың бір жолы - күмәнді телефон қоңырауларымен күрес. Биыл сондай 4 млн номер бұғатталыпты. Десе де біреудің атына несие рәсімдеу саябырсыған жоқ.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
-Бұл қызметтерді қазақстандықтардың көбі пайдаланады. Сондықтан ол мәселені жан-жақты зерделеу керек. Онлайн несиеге тыйым салуға асықпаған жөн. Оның орнына онлайн алаяқтыққа тосқауыл болатын тиімді шаралар енгізген дұрыс деп санаймын.
Асхат Аймағамбетов оны тоқтату тиімсіз болса, онлайн несиеден автоматты түрде бас тарту қызметін енгізуді ұсынды. Тіпті жұмыс істеу тәсілін де айтып берді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздің ұсынысымыз – автоматты түрде келіспеу функциясын енгізу. Тек несие аламын дегендері ғана eGov-қа кіріп, несие алуға дайын екені туралы растау керек. Қазақстанда 20 миллион азамат болса, оның 10 миллионы несие аламын десе, eGov-қа кіріп растай салады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ 10 млн-нан астам азамат па, 5 млн-нан астам азамат па, әсіресе зейнеткерлер, ауылда тұратын азаматтардың артынан ешкім несие алмаушы еді.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қазір сала мамандарымен бұдан басқа да ұсыныстар пысықталып жатқан көрінеді. Мысалы, ақшаны несиеге өтініш берген күннің ертеңінде ғана тек сол адамның есепшотына аудару.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин