Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасы Мәжіліске қайтарылды
Мәжіліс депутаттарының жыл бойы талқылаған, «Тұрғын үй саясаты жөніндегі» заң жобасын сенаторлар кері қайтарды. Себебі оған тағы бірқатар норма енгізу қажет. Мәселен, мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте пәтер алатындар қатарына жесірлермен қатар, соғыс ардагеріне теңестірілгендерді және өзге елдердегі әскери әрекеттерге қатысқандарды да қосу ұсынылды.
Сондай-ақ баспанасы апатты деп танылған отбасыларды, Үкіметтен жаңа пәтер алғанша ескі үйінен айырмау қажет, - дейді депутаттар.
Тағы бір оң өзгеріс – Астанадағы үйлердің сырт келбетін тұрғындардың есебінен емес, жергілікті бюджеттің қаражатына жөндеу керек. Ал заң жобасының басқа баптарымен сенаторлар келісіп отыр. Әсіресе халықты баспанамен барынша қамтамасыз ету, оның ішінде әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үйлі болуы үшін түрлі тетіктердің қарастырылуын жоғарғы палата депутаттары қолдады. Бұл жұмыстың барлығымен енді «Отбасы банктің» жанынан құрылатын орталық айналысады.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Тек қана мемлекеттік қызметкерлер емес, тек бюджетте тұрған азаматтар емес, бүкіл қазақ елінің азаматтары олар баспаналы болмаса, соларды сол базаға қойып, олардың табысы қанша соны қарап, сол табыс бойынша сондай арнайы өнімдерді жасаймыз.