Хабар телеарнасы

Егін жинау науқаны: 26,5 млн тонна бидай бастырылды

26,5 миллион тонна. Диқандарымыз биылғы орақ науқанын осындай көрсеткішпен аяқтады. Бүгін Үкіметте күзгі жиын-терім қорытындыланды. Бидай алқабы толық орылған. Қант қызылшасын жинау жалғасып жатыр. Тәтті түбір бойынша биыл рекордтық өнім алу жоспарланып отыр. Мақта мен күріштің өнімділігі де жоғары.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 23,3 млн гектарды құрады. Қазір дала жұмыстары 99,7% аяқталған. 26,5 млн тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 16 центнерді құраған. Жекелеген шаруашылықтарды алсақ, бір өңірде бола тұра әртүрлі деңгейде өнім алғандар бар. Бұл олардың агротехника мен тыңайтқышты қолдануына байланысты.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы шаруа қожалығы 42,5 ц/га бидай жинады. Қостанай облысында 40 ц/га өнімділікке қол жеткізді. Алайда сол өңірлерде агротехнологияларды сақтамайтын шаруашылықтар да бар. Нәтижесінде олардың көрсеткішткері 5 ц/га өнімділік көрсетті. Мұндай жағдайлар барлық облыстарда кездеседі.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы атап өткендей, еңбек адамы – елдің байлығы. Астықты алқаптың дәні диқанның қажырлы еңбегімен, маңдай терімен өседі. Сондықтан еңбектеріңіз жана берсін. Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу.

Астық қабылдау қазір жалғасып жатыр. Мамандардың айтуынша, жиналған өнімнің 57% 3-ші класқа жатады. Бұл бидайдың жоғары сұранысқа ие түрі. Азық-түлік корпорациясының астықты сатып алу бағасы қандай?

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- 3 класс клейковина 27 астам болса ол 100 мың теңге. 25-тен 27-ге дейін 90 мың теңге. 23-25 болса 85 мың теңге. 75-70-60. Арпа 50 теңге.

Ал әлемдік нарықтағы баға бұдан жоғары. Орташа есеппен 250 доллар. Қазақстан биылғы егіннен шамамен 12 млн тонна астықты экспорттауды жоспарлап отыр. Ол келесі бағыттар бойынша шығарылады.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Орталық Азия мен Ауғанстанға 4,2 млн тонна бидай жеткізеді деп күтілуде. Түркия мен Таяу Шығысқа шамамен 1 млн тонна бидай экспорттау мүмкіндігі бар. Иранға арпа жеткізуді қалпына келтіру маңызды, сауда және логистика мәселелері шешілуде. Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзия нарықтарында қазақстандық бидай брендін ілгерілету жұмысы жандандырылады.

Биыл қант қызылшасынан да рекордтық өнім алуымыз мүмкін. Тәтті түбірдің 10 мың гектары жиналыпты. Бұл жалпы алқаптың 40%-ы. Өнімділік гектарынан 540 центнерден болған. Басқа өнім түрлері бойынша айтсақ. Картоптың жалпы түсімі 2,8 млн тонна. Күріш жинау толығымен аяқталып, барлығы 562 мың тонна бастырылды. Сондай-ақ әзірге 185 мың тонна мақта жиналыпты.