Қостанай облысында 184 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды
Қостанай облысында биыл 184 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның басым бөлігі жайылым. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша игерусіз жатқан алқаптарды қайтарып алу жұмыстары әсіресе өңірдің оңтүстік аудандарында қызу жүріп жатыр. Осыған байланысты туындаған дау-дамайда аз емес. Бірі жерді негізсіз тартып алды десе, енді бірі дұрыс бөлінбеді деп наразы.
Амангелді ауданының Үрпек ауылдық округі – жер көлемі жағынан еліміздегі ең ірісі. Бір шеті Жезқазғанмен шектесетін жазық даланың жалпы аумағы 900 мың гектардан асады. «Осынау ұлан-ғайыр атыраптың әр пұшпағының иесі бар»,– дейді мұндағылар.
Минерал Оспанов, шаруа:
-Біздің округ бойынша менің білуімше бос жерлер жоқ. Өйткені жер сұрап барған жағдайда барлық жердің егелері бар. Ертеректе алып алып, әлі игере алмай жатқан жерлер бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та жаңағы бос жатқан жерлерді қайтару деген мәселесін айтып отыр ғой, бұл негізі құптарлық. Игерілмей жатқан жерлерді неге «істеймін» деген адамға бермеске?!
Бұл аудандағы шаруалардың барлығы дерлік ата кәсіппен айналысады. Әрқайсысының кемінде жүздің үстінде ірілі-ұсақты малы бар. Мысалы, он жылдан астам төрт түлік өсірумен айналысып келе жатқан ағайынды Мырзағали мен Мұрат Тұрмағанбетовтер 300-ден астам ірі қара, 130-ға жуық жылқы ұстайды. Екі жыл бұрын 400 гектар жер алып, мал азығына қажетті дақыл екпек ойлары болған екен. Бірақ кейін берілген жерді қайтадан алып қойған.
Мырзағали Тұрмағанбетов, шаруа:
-Малдың жем-шөбін, қыстық азығын дайындаймыз деген мақсатта алынған жер. Енді соған бірінші жылы техникаларымызды дайындадық. Жер жыртатын соқамызды, сеялкамызды, бәрін алып қойғанда, әлі сен игеруге жағдайың келмейді, уақытында игерген жоқсың деп жерімізді қайтарып алды.
«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың өзіндік заңды талаптары бар»,– дейді жауапты сала өкілдері. Мысалы, берілген жайылымдық жерде мал саны тиісті талаптың жартысына жетпесе, онда жер дұрыс пайдаланылып жатқан жоқ деп саналады. Сондай-ақ жыл сайын шабындық шабылып, егістік алқап өңделіп, игерілуі қажет. Талапты орындамаған біраз шаруа жерлерінен айырылған.
Әли Қарғабай, Амангелді ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:
-Ағымдағы жылы Амангелді ауданында 13 мың 500 гектар жер учаскелері мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылып, Амангелді ауданының арнайы жер қорына енгізілді. Жеті шаруа қожалығынан және бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен. Ал жалпы 30 мың гектарды қазір құрап тұр биылғы, қалғандары түсіндіру жұмыстарынан кейін өз арызы негізінде мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қайтарылған жерлер қайтадан конкурс арқылы 49 жылға жалға беріледі. Бірақ ол үшін жерді игеремін деген ниетімен қоса, мүмкіндігі болуы шарт.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг