Қарағандылық оқушылар тұрмыстық қалдықтарды қоқыс өңдеу зауытына тапсырды
Қарағанды қаласының оқушылары экология байқауына қатысып, бір айдың ішінде 3,5 тонна макулатура мен 500 келіден астам пластик жинады. Қалдық қоқыс өңдеу зауытына тапсырылды. Қоршаған ортаны қорғауға арналған шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.
Байқауға қаладағы 30-дан астам мектептің оқушылары қатысты. Экологтар балаларға тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинаудың қажеттілігін және тұрғылықты жерді таза ұстаудың маңызын түсіндірді.
Ясмина Жұмаділдина, 4-сынып оқушысы:
-Қыркүйек айынан бастап түрлі қоқыстарды, мысалы қағазды көп тастай берсек, сосын жаңа қағазды шығарғанда ағаштарды кесіп, оларды құртады.
Жарысқа 5 мыңнан астам оқушы қатысты. Оларға экологтар қоршаған ортаны қорғау жөнінде интерактивті сабақтар өткізді. «Мұндай іс-шаралар жас ұрпақты табиғатқа жанашыр етіп тәрбиелеуге ықпал етеді»,-дейді жоба үйлестірушісі Әлия Ескендірова.
Әлия Ескендірова, экологиялық жобаның үйлестірушісі
-Қала мен жақын аудандарда макулатура мен пластикті ақшаға қабылдайтын орындар бар. Олардың жұмысы жөнінде балаларға жан-жақты түсіндірілді. Оқушылар жиналған ақшаны қайырымдылыққа жұмсамақ.
Оқушылар экологиялық жоба аясында 3,5 тонна макулатура мен 500 келіден астам пластик жинады. Қалдықтар Қарағандыдағы қоқыс өңдеу зауытына тапсырылды. Осылайша шикізат қайта кәдеге жаратылады.
Асқар Хамитов, қоқыс өңдеу зауытының менеджері:
-Экологияға қарасаңыз, бүкіл жерде қарасаңыз қоқыс жатады. Балалар жинаған мен ойлаймын маңызды деп. Біз жаңағыдай қаланың ішінде сеткалар орналастырдық. Оның үстінде мына жерге пластик саласың, мына жерге картонды деп жазылып тұр. Бала келіп өзі сала алады.
Қазір байқауға қатысқан командалардың жұмысы сарапталып жатыр. Жеңімпаздар 13 қарашада марапатталады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар