Хабар телеарнасы

Ақмола облысының шаруалары астықтарын сата алмай отыр

Ақмола облысының шаруалары астықтарын сата алмай отыр. Өнім мол жиналғандықтан элеваторларда орын тапшы. Оның үстіне бидай бағасы төмен. Жергілікті шаруалар ала жаздайғы еңбегіміз еш кете ме, күтіп-баптаған өніміміз ысырап бола ма деп алаңдаулы. 

Зеренділік шаруа Қайыркен Хасенов биыл 8 мың тонна өнім жинаған. Қазір соның тең жартысын сатып үлгеріпті. Ал қалған 4 мың тоннаға жуық астығы осылай қар астында жатыр. Өйткені оны сақтайтын орын жоқ. Ал элеваторлар қабылдамайды деп налиды. Ылғалы мол бидайды тез арада кептірмесе, шіріп кетуі мүмкін.

Қайыркен Хасенов, шаруа:

-Бірінші мәселе – элеваторлар толық болып, қазір бидайды алмай жатқандығы. Екіншіден – баға саясатының төмен болуы. Мына ауыл шаруашылығын жылдан жылға бірінші ауа райы, екінші бидай бағасының төмен болуы тығырыққа тіреп отыр. Былтырғы жағдай дұрыс өнім алған жоқпыз, баға да болған жоқ. Ал биыл өнім бар, сол алған өнімді жақсы бағамен өткізе алмай отырмыз.

Өңірде жалпы сыйымдылығы 4,3 млн тонна болатын 66 элеватор тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Қазір олар 70% толған. Элеваторларда астық қабылдау көлемі де шектеулі.

Галина Баранюк, астық қабылдау орнының басшысы:

-Біздің элеватор штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Сыйымдылығы 100 мың тонна. Біз қазір 80% толдық. Астықты тәулік бойы қабылдаймыз, кептіреміз. Күніне шамамен 70-80 көлікті қабылдап жатырмыз.

Шаруалардың базынасын жергілікті билік өкілдеріне де жеткіздік. Олардың сөзінше, астық қабылдауда ешқандай мәселе жоқ. Тіпті элеваторларда 2,5 млн тоннаға жуық бос орын бар деп сендірді. Тек бидайдың бағасына қатысты ештеңе айта алмайды.

Кенеш Әлімжанов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Қазір шаруалар еш қиындықсыз өнімдерін сата алады. Бірақ нарықтағы баға төмен. Сондықтан мұндай жағдайда оларға өнімдерін сақтап, күтуден басқа амал жоқ. Ал шаруалардың несиелеріне байланысты біз министрлікке көмек сұрап, сауал жолдадық. Нәтижесінде қарыздары бір айға шегерілді.

Бидай бағасының қашан тұрақталатынын жергілікті шенеуніктер де дөп басып айта алмай отыр. Жалпы биыл облыста 6,5 миллион тонна өнім жиналып, 2 млн тоннадан астам астық экспортталды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко