Хабар телеарнасы

Алматыдағы Көкшоқы шағынауданы қыста сусыз қалуы мүмкін

Алматының Бостандық ауданындағы Көкшоқы шағын ауданы биыл да су мен жылудан тарығуы мүмкін. Бұрын Шеберлер ауылы деп аталған шағын ауданда 6 көпқабатты үй ауыз судың азабын тартып келеді. Тұрғындар бұлақ суын қолданады. Жауапсыз мердігер жүргізген құбырдағы су жазда лас, қыста қатып қалады екен. Су болмаса газ пештер жұмыс істемейді.

Көкшоқы тұрғыны Марат Бозымбаев жаз болса судың сүзгісін ауыстырып, қыс түссе өзеннен су тасумен әлек болады екен. Жауапсыз мердігер жүргізген құбырдың суы лай әрі күлімсі иісі бар. Сондықтан кір жуу үшін сүзгіден өткізу керек. Кейде осы суды ішуге тура келеді екен.

Марат Бозымбаев, Көкшоқы шағынауданының тұрғыны:
- 60 отбасы тұрамыз. Жазғы күндері жауының суы араласады, кішкене су қосылады. Оның жоғарысында орманшылардың жылқылары бар. Олардың нәжістері, нешетүрлі нәрселері қосылып сарғайған су ішіп отырмыз. Мұндай топты бала-шаға бар, кішкентай жас балалар бар, көпбалалы отбасылар бар сол суды ішіп отырмыз.

Көкшоқыдағы су проблемасы қыста тіпті қиындайды. Аяз түссе таудағы бұлақ пен таяз төселген құбыр қатып қалады екен. Мұндағы үйлер газ пешімен жылиды. Егер су болмаса жылу да болмайды. Тұрғындар қақаған қыста тоңбау үшін өзеннен су тасып, бөшкелерді толтырып отырады.

Серік Күзембаев, Көкшоқы шағынауданының тұрғыны:
- Су болады міне, материалдар сатып алынып жатыр. Агидел компаниясы өзінің жіберген қателігін, келмей қалған суын үлкен бұлақтан тартатын болды, жаңағы өзінің тендері кезінде ұтып алған суды жеткізбеген енді өзінің қателігін жабатын болды, үлкен бұлақтан су тартатын болды деді.

Жауапсыз мердігер мен жергілікті билік әр көктем сайын «таза бұлақтан су тартып, құбырды терең төсейміз»,-деп уәде беріп келеді. Шағын аудан қалаға 10 жыл бұрын қосылған. Қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мәселені келесі жылы көктемде шешеміз,-дейді.

Әлібек Мәсімбаев, қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасынының бас маманы:
- Бұрын құбыр тартылған бұлақ суалып қалғандықтан тамыз айында Алматы су мекемесі мен Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы аудит жүргізіп, шешімін таптық. Екі шақырым жердегі суы мол бұлақтан құбыр тартамыз. Қазір басқа мердігермен келісім жасалып жатыр.

«Бостандық ауданы әкімдігінің өкілдері қыста суды арнайы көлікпен жеткізіп отырамыз»,-дейді. Ал Көкшоқы тұрғындарының уәденің орындалуын күтуден басқа амалы жоқ.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев