Хабар телеарнасы

Семейде бүтін бір аудан халқы ауызсуға жарымай отыр

Себебі жарылған құбырдың беті жамалғанымен, жиі істен шығады. Ал оны жөндеуге жауапты компания құлықсыз.

Энергетик шағынауданының тұрғындары талай мәрте әкімдіктің есігін қаққанымен, нәтиже болмай отыр. Қыстың қақаған суығында халық сусыз, жылусыз қаламыз ба, - деп алаңдаулы. 

Су сұрап, талай табалдырықты тоздырған тұрғындардың бірі Гүлбану Хамитқызы. Энергетик ықшамауданында 2015 жылдан бері тұрады. Осы уақыт аралығында құрғақ сөз бен бос уәдеге тойдық, - дейді ол.

Гүлбану Хамитқызы, қала тұрғыны: 

- Біз қанша тұрып жатырмыз, бір ретте бізде жақсы күн болған жоқ. Біресе су өшеді, біресе свет өшеді. Бәрі мұнда тұратын үлкен кісілер. Қыс болса мынау міне, қар түсіп жатыр. Бәрі ашық жатыр. Мұны соңына дейін істейтін сұраныс жоқ.

Таяуда өңір басшысы тұрғындармен жүздесіп, мәселені шешеміз, - деп уәде берген. Содан кейін ауданға уақытша құбыр орнатылған. Оның өзі далада ашық-шашық жатыр. Тұрғындар қақаған аязда құбыр қатса, он тұрғын үй сусыз, жылусыз қалуы мүмкін деп алаңдайды.

Қарлығаш Аманжолова, қала тұрғыны: 

- Міне, мынау далада жатыр. Халық көріп тұр. Қаншама халық тұрып жатыр. Судың тұрысы мынау. Трубалардың жатқанын көріп тұрсыздар, міне, далада жатыр. Бұл енді қатып жатқанда қалай істейді мұны? Мен біле алмадым. Енді халық өте қатты қиналып отыр.

Дегенмен жауапты мекеме өкілдері мәселе бір апта ішінде шешіледі деп сендірді. Қазір Энергетик шағынаудандағы су құбырларын жаңарту үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

Дулат Назарбаев, «Семей су арнасы» МКК аға инженері:

– Жұмыс әлі аяқталған жоқ. Ықшамауданда шамамен 1400 метр су құбырын жаңартамыз. Қазір бюджеттік өтінім әзірлеп жатырмыз. Сол бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне жіберіледі. Содан кейін жұмысқа кірісеміз.

Абай облысындағы су желілері 3 мың шақырымнан асады. Оның жартысына жуығының тозығы жеткен. Халықты таза ауызсумен қамту үшін қазір 20 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 3 млрд 600 млн теңге қарастырылған.
Құралай Дүйсенбаева, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Абай облысы бойынша 17-ден астам елді мекен бойынша реконструкциялауға жобалық-сметалық құжат әзірленіп қойды. Құрылыс істері басқармасына бюджеттік өтінімдер тапсырылды. Жаңағы жобаларды 25-26 жылдары іске асыруға. Бұл айтып отырған 17 жоба нақты реконструкциялауға бағытталған жобалар.

Абай облысы бойынша 29 елді мекенде ауызсу тапшы. Ал Семей қаласында 26 мың адам тіршілік нәріне жарымай отыр. Жергілікті әкімдік ауызсу тапшылығы мәселесі кезең-кезеңмен шешіледі, - деп сендірді.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов