«Таза Қазақстан»: Семейде экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды
Семейде «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру бойынша кездесулер, тренингтер мен дөңгелек үстелдер өтуде.
Студент жастарға арналған кезекті шараны Орталық кітапхана мамандары ұйымдастырды. Жастармен дөңгелек үстел барысында эколог мамандар қоршаған ортаны таза ұстау, экомәдениетті қалыптастыру жөнінде дәріс оқыды.
Қазір өңірдегі барлық мектептер мен оқу орындарында тренингтер, пікірсайыстар мен кездесулер үзбей өтіп жатыр. Акция басталғалы өңір жастары 100-ден астам сенбілік ұйымдастырылған. Тазалық акциясына 100 мыңнан астам адам қатысып, 60 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Экоакция алдағы уақытта жалғасын табады.
Бауыржан Сәлімжанов, ұйымдастырушы:
- «Таза Қазақстан» әркімнің өзінен басталады. Қазақстан Республикасының әр азаматы, әр тұрғыны тазалықты өзінен бастаса. Қоршаған ортасы, өзінің үйі, маңайы болсын, барлығын өзінен бастаса. Үйіміздің маңайы, қарапайым көшенің тазалығын сақтау осы акцияға қосқан үлесіміз деп білемін.