Хабар телеарнасы

Ақмола облысында ұялы байланыс сапасы неге нашар?

Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенде ұялы байланыс нашар. Тіпті қала іргесіндегі ауылдардың өзінде байланыс қызметі көңіл көншітпейді. Ғаламтор желісінің жылдамдығы да мардымсыз. Сол себепті оқушылар ауыл сыртындағы тау-тасты аралап, интернетке қосылуға мәжбүр. 

Ақадыр ауылы облыс орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті халық бірнеше жылдан бері байланыс тауқыметін тартып келеді. Ал соңғы жылдары олар үшін интернетке қосылмақ түгілі, байланысқа шығудың өзі мұңға айналған.

Ақадыр ауылының тұрғыны Қанат Сұлтанбек осы мәселені аудан әкімімен өткен жиын да бірнеше рет көтерген. Бірақ шенеуніктер құрғақ уәдеге тойдырып кететін көрінеді.

Қанат Сұлтанбек, Ақадыр ауылының тұрғыны:

-Мен былтырғы желтоқсан айынан бастап өтініш арқылы қаншама арыз жаздым. Ешқандай нәтиже жоқ. Интернетті жаңа көрсеттім ғой. Загрузить, выгрузить 0 немесе 0,5 қана көрсетеді. Қазір цифровизация заманы болғаннан кейін әр адамда телефон бар. Сол телефонды қолданып, пайдалана алмасақ несі керек?!

Екі жыл бұрын ауылға байланыс антенасы орнатылған. Бірақ оның пайдасы шамалы,-дейді тұрғындар.

Асылбек Хабылбай, Ақадыр ауылының тұрғыны:

-Мынаны қойғанына биыл екі жыл болды. Содан бері қарай жарық болса кішкене ұстайды. Жарық болмаса, интернет те, ештеңе де жоқ.

Байланыс тауқыметін ең бірінші ауыл оқушылары тартып отыр. Өйткені олар ғаламторға кіріп, үй тапсырмасын орындау үшін елді мекен сыртындағы тау басына шығуға мәжбүр.

Талант Сұлтанбек, Ақадыр орта мектебінің директоры:

-Мектеп бойынша интернет жаман емес. Мектептің ішінде жақсы қамтамасыз етілген. Олар толыққанды қолдана алады. Бірақ ауылда интернеттің нашар екені рас.

Ал жауаптылар ауылдағы интернет мәселесі 2027 жылға дейін шешіледі деп сендірді. Өңірде «қолжетімді интернет» ұлттық жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Нұрбол Өтебаев, облыстық цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары:

-Барлығы 238 жергілікті ауылдық елді мекендер интернетке қосылатын болады. Себебі бұрынғы кезде мыс желілерімен орнатылған болса, одан кейін опты талшықты байланыс желілерін тарту болып табылады. Оптикалық байланыс желілерін тартудың сипаттамасы мыстық кабельдерге қарағанда өте жоғары болып саналады.

Жауаптылардың сөзінше, қазір облыс тұрғындарының 98% интернетпен қамтамасыз етілген. Алайда бұл мәліметке сену қиын. Өйткені облыс орталығының іргесіндегі ауылдарда осындай жағдай болса, шалғай елді мекендердегі байланыс сапасы айтпаса да түсінікті шығар.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный