Хабар телеарнасы

Елде кибералаяқтық белең алды

Еліміздегі банктер онлайн несиені өтініш берілгеннен кейін 24 сағаттан соң ғана рәсімдеуі керек. Оның өзінде несие алушы оны қайтадан растауын талап етпесе болмайды. Бұл қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің ұсынысы. Олар кибералаяқтық белең алғандықтан, онлайн несие тәртібін тездетіп өзгерту керек,- деп отыр.

Ресми статистикаға жүгінсек, биыл елде жасалған әрбір бесінші қылмыс кибералаяқтық арқылы жасалған. 18 мыңға жуық іс тіркелді. Азаматтарға 27 млрд теңге көлемінде шығын келді.

Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ Киберқылмыспен күрес департаментінің бастығы:

- Ең көп кездесетін алаяқтық схемаларына тоқтаталатын болсақ, бірінші орында онлайн сауда тұр. Биыл алдын ала төлем сұрап, алаяқтар 6 мыңнан астам адамды сан соқтырған. Екіншіден, банк пен құқық қорғау органдарының атын жамылып, қоңырау шалатын алаяқтық түрі етек жайды. Мұндай 4 жарым мыңға жуық іс тіркелді. Үшінші түрі инвестиция нарығында жалған жарнамалар тарату болып отыр.