Елде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер мәртебесі бекітілді
Елімізде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер мәртебесі бекітіліп, олардың бақылау функциялары кеңейтілді. Бұл балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға сеп болмақ. Отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар да енгізілді. Қазақстанда балалар құқықтарына қатысты 30-дан аса заңнамалық акт қабылданып, оның ішінде 16 халықаралық құжат ратификацияланды. Дегенмен балаларға көрсетілетін түрлі қысым азаймай тұр. Сондықтан балалардың кәсіби психологиялық көмекке қолжетімділігін қамту үшін барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтары ашылды.
Нәзипа Шанаи, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:
-Қоғамдағы ең үлкен проблема ол – отбасылық коммуникацияның нашарлығы. Бір-бірімен сөйлесу тіптен жоқ деп айтуға болады. Қарым-қатынас деңгейі ұялы телефон мен гаджеттерге ғана қатысты болып тұр. Ата-ананың міндеті – бала өміріндегі қандай жағдайлар, қандай ойы бар соны біліп отыру. Біз сонда ғана оның қауіпті иә қауіпсіз жағдайда екенін білеміз.