Елордада ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды мәселелер талқыға салынды
Ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды мәселелер бүгін елордада өткен бірнеше іс-шарада талқыға салынды.
Енді мемлекеттік колледждерді жекеменшікке беруге тыйым салынады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары саланы дамытуға арналған жиында мәлімдеді. Бұдан былай ауылдық жерлердегі студенті аз деген орта арнаулы оқу орындарына мектеп-колледж мәртебесі берілуі мүмкін. Бұл кәсіптік білім беруді жалғастыру үшін қажет.
Оқу орындарын жарақтандыру мәселесі де сөз болды. Қазірдің өзінде екі жүзден астам колледжде заманауи техникалар тапшы.
Дене шынықтыру пәніне оқушылардың қызығушылығы төмен. Енді мектепте мұғалімдер жасанды интеллектіні пайдаланып, оқушыларды дұрыс тамақтануға, ерте ұйықтап және қимыл-қозғалысты арттыруға үйрете бастайды.
Айта кеткен жөн, республика бойынша 29 мың дене шынықтыру мұғалімінің тек 2,6 пайызы ғана жоғары санатқа ие. Ал магистр санатындағылар - 0,2 пайыз ғана.
Қазақстандық жастар отбасын басты құндылық деп санайды және қалаған мамандығын меңгеруден өзге қосымша білім алуға құмар. Мұндай дерек «Қазақстан жастары-2024» ұлттық баяндамасының қорытынды жобасын талқылауға арналған жиында айтылды. Биыл өскелең ұрпақтың жағдайын зерделеу үшін арнайы зерттеу жүргізілген.
Сауалнама нәтижесінде белгілі болғаны - білім қуған жастар ірі қалаларға аттанады. Былтыр 40 мыңға жуығы ауылдан кеткен. Бүгінде ел халқының 28 пайыздан астамын жастар құрайды.
Шектеулерді еңсерген 33 қазақстандық әйел жайында жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Авторы - Назарбаев университеті кәсіпкерлікті зерттеу орталығының директоры Шумайла Юсафзай.
Айтуынша, Тәуелсіздіктің 33 жылдығына орай 33 кейіпкерді ұзақ іздеген. 3 жыл ішінде таңдау транспорт, ауыл шаруашылығы, IT, өндіріс, денсаулық сақтау салаларында еңбек етіп жүрген батыр қыздарға түсіпті.Одан бөлек, бүгін жиынға келгендер елімізде көлік және логистика бойынша қызмет етіп жүрген әйелдердің мүмкіндіктерін талқылады.