Семейде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды
Семейде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылып, қала әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алды. Себебі бірнеше күн бұрын орталық алаңдағы шыршаны құру кезінде 4-5 метр биіктіктен мұғалім құлап, жарақат алған еді. Ұстаз екі күн жансақтау бөлімінде жатып, бүгін палатаға ауыстырылды. Әріптестерінің айтуынша, бөлім басшылығы әр мектептен үш ер мұғалім бару керек деген талап қойып, заңсыз жұмысқа тартқан..
Сымбат Аянқызы бірнеше күннен бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғанын айтады. Өткен сенбіде мектеп басшылығы оның күйеуіне хабарласып, шырша құруға баруы керегін айтқан. Ұстаз 4-5 метр биіктікке ешқандай техниканың көмегінсіз өрмелеп шыққан көрінеді. Қауіпсіздік шаралары сақталмаған.
Сымбат Аянқызы, қала тұрғыны:
-Ол мектептің шыршасы емес. Акимовская елка, оған 30 млн-дай теңге бөлінген. Ал оған бейшара мұғалімдерді тығады. Бұл адамның тағдырымен ойнау ғой. Өте ауыр жағдай, не болатынын білмеймін. Мен өзім де педагогпын. Акимат білім бөліміне олар директорға приказ берген.
Қуат Айтқалиев №49 мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Биіктіктен құлаған оның бас сүйегіне зақым келген. Ақхалаттылар науқасқа бірден операция жасапты.
Төлеген Тоқмолдинов, нейрохирург:
-Қазір денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Науқас реабилитациялық емін қабылдап жатыр. Қазір неврологиялық симптоматикаларының азайғаны байқалады. Шофтарын шешкеннен кейін оныншы күні шығарамыз.
Үш мектептен 9 ұстаз жұмысқа заңсыз тартылған. Білім басқармасының басшысы бұл жағдайдан бейхабар. Айтуынша, білім бөлімінің басшысы өз бетінше әрекет етіп, ұстаздарды шырша құруға шақырған.
Нұржан Ахметқалиев, білім басқармасының басшысы:
-Қала әкімдігінің білім бөлімінің басшысына өтініші түскен. Білім бөлімінің басшысы білім басқармасына ескертпей, өз бетінше шешім қабылдап, аталған жағдай орын алып отыр. Ол қызметінен босатылды. Соған жол берген мектеп директорларына тәртіптік шара қолданылады.
Қалалық әкімдіктегілер шыршаны сатып алып, жеткізуге 25 млн теңге бөлінгенін айтты. Алайда оны орнатуға қаржы қарастырылмаған. Сондықтан қала басшылығы білім бөлімінен көмек сұрапты.
Нұржан Есенжолов, қала әкімінің аппарат басшысы:
-Олардың жұмыстарына қосымша жаңағы биікте жұмыс істеу міндеттелмеді. Тек қана ойыншықтарды алып беріп тұру деген жұмыс ғана. Ал высоткада тек қана тиісті мердігер компания жасады.
Кінәлілер түгелдей жауапкершілікке тартылды. Облыс басшылығы осындай жағдайлардың алдын алу үшін жұмыс жүргіземіз деп сендірді. Өйткені ұстаз – мектептің жүрегі. Ал мұғалімді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы