Хабар телеарнасы

Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті қандай?

Қарағанды облысында биыл 11 адам әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша бес миллион теңгенің грантын алды. Шағын бизнесті қолдауға бағытталған жаңа бастаманың арқасында тұрғындар өздерінің қоғамға пайдалы жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр. Мысалы, кәсіпкерлер мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамтып, ерекше күтімді қажет ететін балалар тәрбиесіне атсалысып жатыр.

Дарья Зайцева әлеуметтік кәсіпкер. Ол ерекше балаларды дамыту орталығына жетекшілік етеді. Биыл кәсіпкер 5 миллион теңге грант жеңіп алған. Бұл қаражатқа кішкентай балаларды жан-жақты дамытуға арналған Монтессори кабинетін ашпақ.

Дарья Зайцева, балаларды дамыту орталығының жетекшісі:

-Грант қаражатын қазан айында берді. Ақпан айында кабинетті ашпақпыз. Қажетті жабдықтарды сатып алдық. Мантессори кабинеті кішкентай балалармен жұмыс істеуге мол мүмкіндік береді.

Балалардың ағзасын оттегімен қанықтыруға арналған аппарат қойылған мына кабинет те әлеуметтік кәсіпкерлік аясында ашылған. Мұнда жетілуі баяу балалар көп келеді. Индира Сейілбекованың 9 жастағы ұлы осымен алтыншы рет ем алған. Қазір денсаулығы жақсарып келеді.

Индира Сейілбекова, қала тұрғыны:

-Баламның айналаны қабылдау қабілеті төмен еді. Қатты дыбыстан үрейленіп, құлағын жауып алатын. Ал қазір ол әдетін қойды.

Биылдан бастап Қарағанды облысында кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа бағыты жүзеге асырылып жатыр. Білім мен денсаулық сақтау саласы бойынша кәсіпкерлер ұсынған ерекше әлеуметтік жобалар арнайы тізімге алып, 5 миллион теңгеден грант берілген. Соның негізінде олар мүгедектігі бар жандарды жұмысқа алып, дамуында тежеу бар балаларға көмек көрсетеді.

Жұлдыз Құсайын, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

-Бұл біздің экономикамызда басты роль алады. Әлеуметті де жақсартады, бизнес саласын да дамытады. Келесі жылы осындай жұмыстар атқарамыз деген ойдамыз. Жаңа жобалар туындауына кәміл сенеміз.

Облыс бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарында 140 адам еңбек етіп жүр. Олар жылына орташа есеппен 1 миллиард теңгенің қызметін көрсетеді. Жергілікті билік кәсіпкерлерге грант берумен қатар, бизнесін дамыту үшін тиімді әдістемелер, сенімді серіктестер ұсынып отырады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпыхар