Хабар телеарнасы

Жезқазғандағы жайлы мектептің жұмысы тоқтап тұр

Жезқазғанға қарасты Қабанбай шағынауданынан салынған жайлы мектеп жұмыс істемей тұр. Жаңа жыл қарсаңында салтанатты түрде ашылған білім ордасы қысқы каникулдан соң оқушыларды қабылдауы тиіс еді. Бірақ ауыл балалары әлі күнге өзге мектепке қатынап оқиды. Неге?

Қабанбай ықшамауданы тұрғындары жайлы мектептің ашылғанын асыған күтіп жүр. Бұл елді мекен ертеректе жерасты кенін барлауға келген геологтарға арнап салынған. 200-ден астам отбасы тұратын ауылда бұрын соңды мектеп болмаған. Қазір мұндағы 300-ге жуық оқушы Жезқазғанға қатынап оқиды.

Жанболат Нұркенов, қала тұрғыны:

- Осы жерде мектеп ашылды дегенде қуанышымыз қойнымызға сыймай, бала-шағамызды алып, көрші-көлем боп бардық. Енді сол әне ашамыз, міне ашамыз, - деді. Одан кейін енді жаңа сыбыстар шығып жатыр. Бір қағаздары дайын емес екен, - дейді. Сонымен балаларымыз қазір қатынап оқып жатыр. Өзім 5 бала оқытып отырм.

Аяна Мүкеева, қала тұрғыны:

- Мектептің ашылуын күтудеміз. Балаларымыз да күтіп отыр. Өткенде ішіне кіріп көрдік. Біздің білетініміз, Астанадан бір құжатты күтіп отыр екен. Сол құжатқа тіреліп отыр.

Мектеп құрылысы өткен жылы наурыз айында басталып, желтоқсанда аяқталды. Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Бірақ оқушыларды қабылдауға дайын емес. Жобаны үйлестіруші  компания мектептің ішкі жабдықтарын іске қосу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Ал жауапты мамандар нысан білім басқармасының балансына өтпей оқу процесі басталмайды, - дейді. Тіпті білім ордасындағы педагогтар құрамы да толық жасақталмаған.

Мөлдір Алтайбекова, білім басқармасының бас маманы:

- Штат бойынша 26 педагог және 35 кіші техникалық қызметкерлер алынады деп жоспарлап отырмыз. Қалай құрылыс басқармасынан білім басқармасына құжаттар өткізіледі, сол уақыттан бастап мектептің ашылуы жоспарланады.

Басшылар үшін бір күнге ғана іске қосылған мектептің балаларға есігін қашан айқара ашатыны белгісіз. Үйлестіруші компания нысан ішіндегі техникалық жұмыстар ақпан айының соңына дейін аяқталады,- дейді.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов