Абай облысында 74 ауыл интернеттің игілігін көрмей отыр
Абай облысында 74 ауыл интернеттің игілігін көрмей отыр. Аягөз ауданындағы Малтүгел ауылы да байланыс аясынан тыс жерде. Ауыл халқы соңғы 20 жыл бойы мәселені шеше алмай келеді. Ал жергілікті билік өкілдері қажетті жоспар жасалып жатқанын айтуда. Алайда шалғайдағы елді мекен тұрғындары оның нәтижесін көрмей отыр.
Малтүгел ауылының тұрғындары 20 жыл бойы интернеттің мәселесін көтеріп келеді. Бірақ бүгінге дейін нәтиже жоқ. Жергілікті жұрт әкімдікке талай барған. Ондағылар түрлі сылтау айтып, халықты бос уәдеге тойдырып келген. Интернеттің азабын тартқандар байланысқа шығу үшін тау-тасты жағалауға мәжбүрміз,-дейді.
Әсия Құндақбаева, ауыл тұрғыны:
- Сеть жоқ. Сол ұстамайды. Ауырып сырқайтын болсақ, бара алмаймыз, айта алмаймыз. Ақша сала алмаймыз. Байланыс аясынан тыс жердеміз. Сол біздің телефонымызды, интернетімізді құрып берсе ауылымызға.
Интернет ауылдағы мектепте ғана ұстайды. Білім ошағында Мархабат Бәкешованың бес баласы оқиды. Қашықтан оқитын кездері балалар интернет ұстайтын жерді іздеп әлек. Ауылда медициналық пункт жұмыс істемейді. Ауырып-сырқағандар ем алу үшін көрші ауылға барады. Себебі жедел жәрдем қызметін шақыру мүмкін емес.
Мархабат Бәкешова, ауыл тұрғыны:
- Жедел жәрдем шақыра алмаймыз. Вакцина салатын кезде 2-3 айда келеді. Апта сайын балалардың халін біліп тұруға болады ғой. Балалаларымыз интернетті білмейді мысалы. Мектеп ішінде ғана қолданады. Сабақтарын онлайн болған кезде оқи алмайды. Студент ұлымыз бар міне, бір жеті жүріп, мектепке барып әрең тапсырды.
Абай облысындағы 328 елді мекеннің 74-і интернетсіз отыр. Түйткілді мәселені шешу үшін министрлік тарапынан арнайы жол картасы қабылданған. Оның шеңберінде 2027 жылға дейін Абай облысындағы ауылдардың 96 пайызын сапалы ғаламтормен қамтамасыз ету жоспарланған.
Абзал Серікұлы, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
- Бүкіл Қазақстан бойынша 467 млрд теңге қарастырылған. Малтүгел ауылы да жекеменшік серіктестік бойынша 171 елді мекеннің ішіне кіреді. 2025-27 жылдар арасында ол жерге жоғары жылдамдықты талшықты оптикалық интернет жететін болады.
Жалпы Аягөз ауданында 46 ауыл бар. Соның 15- і байланыссыз отыр. Басқарма басшысының болжамы бойынша аймақтағы ауылдарға интернет тарту жұмыстары биыл жазда басталмақ.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов