Хабар телеарнасы

БҚО-дағы 108 ауылға ауызсу құбыры тартылады

Батыс Қазақстан облысы бойынша биыл 108 ауылға ауызсу құбыры тартылады. 9 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылса, қалғанына модульді станциялар орнатылады. «Сол арқылы ауылды аймақтарды тіршілік нәрімен қамтылу көрсеткіші 100 пайыздық межеге жетеді», – дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.

Барбастау ауылының тұрғындары ауызсу құбырының тартылуын көптен күтті. Олар бұған дейін құдық суын пайдаланып, тіршілік нәрін қашықтан тасып ішуге мәжбүр болып келген еді. 700-ден астам халқы бар елді мекен жаңа жыл қарсаңында сапалы ауызсумен қамтылды.

Алмагүл Құлмырзина, ауыл тұрғыны:

- Біз Қаратөбеге 2010-да көшіп келдік, Қалдығайтының өзінен. Жақсы осы, су жақсы ағып жатыр. Құдықтан су тартып жүрдік қой енді. Енді биыл ғой су келіп жатқаны. «Ақ Бұлақтың» суы жақсы болып жатыр. Қуанып жатырмыз, қуаныштымын. 

Жанаргүл Құсайынова Подстепное ауылы әкімінің орынбасары:

- Әр үйде құдық пайдаланып отырды. Әрине, жарық болмаса ол насос та жұмыс жасамайтын болады. Ал қазіргі мына жаңадан берілген су құбырында жарық сөнген кезде өзінің генераторы бар. Автоматты түрде сол генератор қосылып тұрады енді. Ауызсудан бұл елді мекенде ешқандай кедергі болмайды деп сенеміз.

Барбастау ауылы бойынша әзірге 15 үйге ауызсу су құбыры тартылды. Қалған абоненттер көктемде кіргізе бастайды. Өткен жылы өңірде ауылды аймақтарды ауызсумен қамтамасыз етуге байланысты 31 жоба жүзеге асты. Бұл мақсатқа 6 млрд теңге бөлініп, игерілген.

Нұркен Молдашев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Толықтай 100 пайызға жеткізу жоспарда тұр. Ол біздерде 9 орталықтандырылған ауызсу жобасы және 99 елді мекенге кешенді блок-модуль орналастыру. 10 жобаға қаражат бөлініп тұр.

Бұл мақсатқа қазынадан 7,8 млрд теңге бөлінген. Өңір тұрғындарын тіршілік нәрімен қамту көрсеткіші қазір 97 пайызға жетті. Жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысындағы барлық ауылдарға ауызсу құбыры тартылады.

Ардақ Айбарұлы, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов