Хабар телеарнасы

Қапшағайда мұз үстіндегі қауіпсіздік түсіндірілді

Қыстыгүні ойықтан балық аулайтын әуесқой балықшылар күннен күнге көбейіп барады. «Алатау баурайындағы алып шаһар Алматыға тиіп тұрғандықтан, демалыс күндері онда 2-3 мыңға жуық балықшы барады. Көбі құтқару құралдарын өздерімен бірге алып жүрмейді» - дейді өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері.

Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Қапшағай су қоймасында құтқарушылардың қатысумымен күніне үш рет рейд жүреді. Көл бетінде ойықтан балық аулап отырған әуесқой балықшы көп. Өйткені мұнда қазір Іленің дәмі тіл үйіретін
торта балығы қармаққа жақсы түсіп жатыр.

Түнгі уақытта мұз үстінде қалуға қатаң тыйым салынған. Оның қалыңдығы 25 сантиметрден төмен болған жағдайда балықшылар өздерімен бірге құтқару құралдарын алып жүруі тиіс.

Ержан Арыстанов, Қонаев қалалық ТЖБ Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері:

- Ол біріншіден, желет, сықырғыш, арқан, қалыңдығы 11 милиметрден, ұзындығы 12 метрден кем болмауы керек. Ұялы телефон салғыш суға батпайтын және таяқ дейді ғой ұзындығы 2 метр адамның өзінің салмағын көтеретін. Олар не себепті керек? Біріншіден, адам мұздың астына батқан кезде бұл құтқару құралдары адамды мұздың бетінде, судың астына батырмай ұстап тұрады.

Қауіпсіздік ережесін сақтамайтын балықшылар да аз емес. Жыл басынан бері құтқару құралдарынсыз және түнгі уақытта балық аулап жүрген 30 азаматқа 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Елдос Дөңшебаев, балықшы:

- Шамамен 30 мың теңгедей айыппұл салынады деп естуіміз бар. Енді сақтық шараларына келетін болсақ, әр адам мынандай құтқару желеттерімен жүруге міндетті. Кетіп бара жатқан кезде үй ішіне, туысқандарға, жақындарға айтып кеткен дұрыс. «Осындай жерге кетіп бара жатырмын, осындай уақытта қайтып келемін» деген сияқты ескертулер болуы керек.

Қапшағай су қоймасында 2023 жылдың қысында бір балықшы қаза болды. Өткен жылы 24 адам, ал биыл 2 бала құтқарылды. Өңірлік төтенше жағдайлар қызметі мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек екенін ескертеді.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов