Жазушы Мұхтар Мағауин дүниеден озды
Қазақ әдебиетінің алдаспаны, көрнекті жазушы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин қайтыс болды. Ұлттық әдебиетіміздің қорын сүйекті, сүбелі шығармамен байытқан қаламгердің отбасы мен жақын-жуығына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты.
«Мұхтар Мұқанұлы төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихНамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді» - делінген жеделхатта..
Ол – «Жұлдыз» журналын 18 жыл басқарған, жазушылық ғұмырын, білім-талантын қазақтың арғы-бергі тарихын зерттеп, зерделеп, көркемдеп кітапқа түсіруге арнаған классик жазушы. Оның «Көк мұнар», «Аласапыран», «Сары қазақ», «Шақан шері», «Кесік бас, тірі тұлып», «Шыңғысхан», «Алтын орда» сияқты сүйекті шығармаларында 2,5 мың жылдық адамзат шеруінде кеудесі биік, тұрмыс-тіршілігі, ой-санасы азат, еркін ғұмыр кешкен бабалардың ғұмыры суреттеледі. Сөйтіп ол қазақы оқырманын озық мәдениет жасаған ұлы халықтың перзенті екеніне сендіреді.
Смағұл Елубай, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Жазушы өзіне өзі ескерткіш қойып кеткен жазушы. Қазақты қазақтыққа тәрбиелеуден алдына жан салмаған жазушы болды.
Мұхтар Мағауин – әр шығармасының идеясын, сұлбасын «Алтын дәптеріне» жазып алып, сол жоспармен жазуға отыратын еңбекқор қаламгер. Сондай жанқиярлықтың нәтижесінде оның қаламынан туған дүние 26 томға жүк болды. Оның прозасы бір төбе, ұлттың жайын қозғайтын публицистикалық еңбектері, қазақтың маңдайалды тұлғалары туралы естелік эсселері де оқырманын таңдандырады, тәрбиелейді, білім береді.
Асқар Алтай, жазушы:
- Біз қазір Шәкәрімді көп айтамыз. Шәкерімді алғаш ақтауға себепкер болған адамдардың біреуі ақтауға себепкер болған. Қазақ жыраулар поэзиясының антологиясына Шәкәрімді кіргізіп жіберген. Сондай ерлік жасаған.
Мағауиннің қазақ әдебиетіне қосқан ұлы еңбегі – «Алдаспан» антологиясы мен «Қобыз сарыны» монографиясы. Бұл қазақтың жыраулық поэзиясын сонау алыс ғасырлардың қойнауынан аршып алып, халықпен қауыштырған ғылыми ізденістің жемісі еді.
Шың мәнінде үлкен ғалым еді, оның ғалымдығы мен жазушылығын шатысып қарауға болмайды. Біз бүкіл қазақ әдебиеті Махамбеттен басталады деп қарап келдік. Осының бәріне қарсы шықты. Ол 20-21 жастағы жастағы жігітке ауыр соққы еді.
Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы:
- Кеңес үкіметіне дейін қазақта әдебиет болған жоқ деген сыңайлы мәселелерді сіңірді біздің санамызға. Қалыптасып қалған, сірескен сеңді бұзған жалғыз Мағауин емес, үлкен ұлы ғалымдар болды. Бірақ солардың бел ортасында шоқтығы биік ғалымдардың бірі Мұхтар Мағауин болды. Біз өзіміз жас кезімізде Мұхтар Мағауиннің «5 ғасыр жырлайды» деген 3 томынан тұратын жинақты жастанып оқыдық.
«Маған қарсы адам – қазақтың жауы», - деп ұлтын барымен сүйген жазушы 2015 жылы Америкаға көшті. Әр жылдары Прагада, Түркияда тұрды. Бір жыл бұрынғы бір сұхбатында елге оралмайтынын кесіп айтқан-ды. Таңғы бесте Америкадағы үйінде ғаламат жазушы бұ дүниеден көшті. Ленхем қаласында жаназасы оқылып, Парклоун зиратына жерленеді.
Смағұл Елубай, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Халық көкірегінде бір өкініш бар. Сүйегі туған жерде жатуға лайықты тұлға ғой. Халықтың жүрегіне жерленген жазушы, сол туған жердің қойнауына құшағына кіргені абзал болар еді. Өйткені оның сүйегін іздейтін, басына барып тәу етуге құмар халық аз емес.
Ол құламайтын, тозбайтын, өшпейтін, мәңгі жасайтын сөзден сарай салуды мақсат етті. Мақсатына жетті. Сөзі кесек, мінезі ірі, болмысы тәкаппар, бойында Елтеріс, Естеми, Күлтегін сынды көшпенді бабалардың қаны бар Мұхтар Мағауиннің жүрісі, сөзі, күлкісі енді естелік қана...