Хабар телеарнасы

Мәжіліс жаңа заң жобаларын жұмысқа алды

Бағбандықты қолдау туралы заң жобасы әзірленді.

Сондай-ақ Мәжіліс бірнеше заң жобасын жұмысқа алды. Соның бірі – бағбандық шаруашылық серіктестіктерін мемлекеттік қолдау мәселелері туралы құжат.

Мамандардың пікірінше, бұл сала үлкен әлеуетке ие. Алайда нақты қолдау тетігі болмағандықтан, оның игілігін көре алмай отырмыз. Елімізде тек жекелеген ауылдар ғана бағбандықтың бабын тапқан. Содан белгілі бір көлемде пайда тауып отыр. Ал халықтың басым бөлігі өнімді тек жеке үй ауласында өсірумен ғана шектеледі. Кей жағдайда соған мәжбүр. Өйткені алқапқа егін егуге су жеткіліксіз. Бұл әсіресе орталық, солтүстік пен батыс өңірде үлкен мәселе. Басқа да кедергілер бар.

Нұрсәуле Жаңбыршина, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

- Көкөніс дақылдарына көшетпен өсіру мүмкіндігін жасауымыз керек. Жаңа техника керек. Ол техниканың бәріне қаражат қажет. Сосын гранттық жобалар бөлінуі керек деп ойлаймын. Одан кейін жастарды ауылға тарту дейміз. Бағбандықты да кешенді түрде жұмыс істейтін болсақ, жұмысымыз алға басады. 

Айта кетейік, заң жобасы Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. 

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Бағбандық шаруашылықтар аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ белгілі бір қызмет түрлерін жүргізумен, оның ішінде ара шаруашылығын реттеу көзделген. Комитетте заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын.