Хабар телеарнасы

Елімізде түн тыныштығын бұзу деректері тыйылмай отыр

Елімізде түн мезгілінде тыныштықты бұзу деректері тыйылмай отыр. Тек былтырдың өзінде адамдардың демалысы мен тынығуына кедергі келтірудің 100 мыңнан астам ісі тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама көп. Ал түңгі уақытта шулап, өзгенің мазасын алу жауапкершілік жүктейтінін бірі білсе, бірі білмейді. Тәртіп сақшылары талапты сақтауға бей-жай қарамау керектігін ескертеді.

Риза Данияр жақында жаңа үйге көшіп келген. Бірақ «көрші пәтерлерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарынан әбден мезі болдым», - дейді. Себебі құрылыс қоспаларын илейтін, қыш тақталарын кесетін және өзге де құралдар дамыл таппайтынын айтады. АҚШ пен Европа елдерінде білімін жетілдірген бойжеткен бұл тұрғыда бізде де мәдениеттілік болса деп тілейді.  

Риза Данияр, қала тұрғыны:

- Қабырғалардың жұқа болуы ма, жоқ әлде құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен бе, әйтеуір тыныштық болмайды түңгі уақытта. Әрине, заң бойынша бекітілгенін білеміз. Соны пайдаланып біз де полиция қызметкерін шақырған едік. Себебі тыныштық жоқ түнде.

Полиция қызметкерлерін шақырсақ та, шешімі табылған дүние деп айта алмаймын. Себебі бұл мәселе бірнеше рет қайталанды.

Мұндай шағымдардың түсуі қалыпты жағдайға айналғанын полиция да мойындап отыр. Түңгі мезгілдегі у-шудан мазасы кеткен тұрғындардың қоңырау шалып, шақыртатыны кейде жиілейтінін айтады. Тек Астанадағы Алматы ауданында былтыр 2 768 тұлға жауапкершілікке тартылып, 43 млн теңгеден астам айыппұл арқалаған. Елордалықтар негізінен жұмысы қарқын алған құрылыс алаңдарына шағым айтқан.

Досжан Жұмабаев, учаскелік инспектор:

- Егер жұмыс істеп жатқан мердігер компаниялардың жұмысы жеке тұлғалардың қалыпты демылысына кедергі келтірсе, ол азамат сол уақыт аралығында  жұмыс жасамау керек. Полиция қызметі айыппұл салып, жауапкершілікке тартамыз. Музыка тыңдау емес, тоңазытқыштың өзі қатты жұмыс істеуі мүмкін. Қосымшаларды смартфоныңызға жүктеп, дауысты өлшесеңіз, жай ғана көрші пәтердегі қалыпты сөйлесіп жатқанның өзі 50 децибил, 45 децибил деп өлшеніп тұрады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Түнгі тыныштықты бұзу деректері көбінесе мейрамханаларда, клубтарда, ойын-сауық орталықтарында, жатақханаларда және осындай көппәтерлі тұрғын үйлерде жиі тіркеледі. Соның ішінде әр пәтерден естілетін теледидар мен радионың дауысы да осы талаптың бұзылуына түрткі болмақ. Сондай-ақ белгілі уақытта тоқтатылмаған жөндеу жұмысы да жауапкершілік жүктейді.

Түн тыныштығын бұзғаны үшін шара әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 437-бабында қаралған. Онда жұмыс күндері кешкі сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері түнгі 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін тыныштықты бұзғандарға айыппұл бары айтылған.

Атап айтқанда, жеке тұлға 5, шағын кәсіпкерлік нысаны – 20, орта кәсіпкерлік нысаны – 30, ірі бизнес объектісі 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Ал былтыр елде түнгі тыныштықты бұзудың 108 281 дерегі тіркелген. 2023 жылғы көрсеткіш бұдан 12 мыңға аз. Тұрғындардың заң талабына қатысты пікірлері әртүрлі.

Тәртіп сақшылар заңға бей-жай қарамау керектігін ескертеді. Себебі алғашқыда тәртіпті түсіндіру және ескертудің соңы кейін айыппұлға ұласады. Биыл оның көлемі айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюына орай біршама өскен. Ал былтыр дәл осы бап бойынша жазылған айыппұл мөлшері 1,5 миллиард теңгеден асыпты.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Ақшолақов, Аян Сәрсенбаев