«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгеде «Хабар» арнасы топ жарды
Биылғы шара «Хабар» Агенттігі үшін табысты болды. Арнаның бәйгеге қосқан жобалары жүлделі оралды. Оның ішінде ойын-сауық бағдарлама аталымы бойынша үздік деп танылды.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Телевизиялық дода бұрынғыдан өзгеше. Қазір жаһан жұртын алаңдатқан қауіпті індетке байланысты байқау көрерменсіз өтті. Тек қатысуышылар, қазылар алқасы мен ұйымдастырушылар ғана болды. Әйтпесе осыған дейін «Қазмедиа» орталығы тотыдай түрленіп, думанды дүрмек қызу өтетін. Бұйырса келесі жылы солай өтер деп үміттенеміз. Ал енді шараның негізгі жаңалығына тоқталайын. «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауында 10 аталым бойынша үздіктер іріктелді. Олар – өз саласында аянбай еңбек етіп, тер төккен жандар. Айта кету керек, «Хабар» арнасының қызметкерлері бұл жолы да жүлдесіз қайтпады. Алты аталым бойынша арнамыздың үздіктері марапатталды.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
- Бұл «Central Asia's Got Talent» жобасы – қазақ телевизиясында, оның ішінде соңғы жылдары жасалып жатқан ең үлкен ауқымды жобаның бірі. Төрт бірдей мемлекетке тарап, бүкіл әлемге кеңінен танылған, көрермені көп жобаның «Хабар» Агенттігінің басшылығымен қолға алынуы үлкен жетістік.
Айтып өтейік, жеңімпаздар жасырын дауыс беру жүйесі арқылы анықталды. Нәтижесінде оқ бойы оза шауып, топ жарған жүйріктердің мерейі үстем болды. Олар өз еңбектерінің еленіп жатқандарына дән риза. Бұл арнаның адымын алшаңдатып, қызметкерлерді жігерлендіріп, жалпы телеиндустрияның дамуын ынталандыру үшін өткізіледі. Бұл бәйге елімізде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен 2017 жылдан ұйымдастырылып келеді. Содан бері 46 кәсіби маман өз еңбектерінің жемісін көріп, марапатталды. Құтты болсын!
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Жандос Сұлтанғазы