Елордалық әншілер онлайн концерт беру үрдісін жалғап жатыр
Қалыптасқан жағдайға байланысты қалалық Мәдениет басқармасы осындай жобаны бастаған еді. Бүгінге дейін 15 шығармашылық кеш ұйымдастырылған. Басы-қасында жүргендер: «Жаңа форматтағы концерттер бірте-бірте көпшіліктің қызығушылығын тудырып, кеңінен қолдау тауып жатыр», – дейді. Карантинге дейін Қалалық әкімдікке қарасты Мемлекеттік академиялық филормония ғимаратында күнделікті классикалық және эстрадалық концерттер өтіп тұратын. Ал енді қалыптасқан жағдайға байланысты барлығы онлайн форматқа ойысқан. Яғни шағын ғана бөлме қажетті құралдармен жабдықталып, өнер жұлдыздарының сахнасына айналып шыға келді.
Ерлан Көкеев, әнші:
– Біз онлайн концерттің бағдарламасын дайындадық. Оның ішінде әлемде және елімізде танылып үлгерген музыкалық туындылар бар. Бір жарым сағаттай өнер көрсетіп, әлеуметтік желілер арқылы жерлестерімізге қолдау танытқымыз келеді.
Ерлан Көкеев пен оның музыкалық ұжымы бұл ұсынысты қуана құп алғандарын айтады. Жалпы Мәдениет басқарамасының бастамасы барлық өнер майталманынан қолдау тауып жатыр. Айтпақшы, мұнда тек эстрада жұлдыздары ғана емес, осы филормония әншілері де өнер көрсетіп тұрады.
Ерлан Дәкенов, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры:
– Мұның алдында Маржан Арапбаева, Рүстем Жүгінісов, Дос, Аргония деген әншілер болып жатыр. Клара Төлембаева, Медет Салықовтар отбасы бірігіп, осы жерде тамаша концертін берді. Тек эстрада жанры емес, бұл жерде классика жанрында да әдемі кеш беріп жатырмыз. Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Дина Хамзинадай опера әншілері өз кештерін онлайн өнер көрсетіп жатыр.
«Бүгінге дейін осындай үлгідегі 15 концерт өтті және ол әрі қарай жалғаса береді», – дейді Ерлан Дәкенов. Бұған қоса «Біз біргеміз» деген ұранмен онлайн дәрістер мен шеберлік сағаттары да қолға алынған.
Авторлары: Аслан Қаженов, Айбын Құсанбеков