Абайдың 175 жылдығына орай Жидебайда 19 жоба жүзеге асып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес ақынның туған жерінде іргелі жобалар қолға алынып, тарихи-мәдени кешендер қайта жаңғыртылып жатыр. Сырт Қасқабұлақ пен әйгілі Жидебай өзгеше кейіпке еніп, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалуда. Бұрын елеусіз қалып келген Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы да абаттандырылды.
Осы арқылы аймақтың туризмін дамыту басты назарда болып отыр. Жалпы Абай ауданында құны 5 млрд теңгеден асатын 19 маңызды жоба жүзеге аспақшы.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- Ғасырлар өтсе де, Сырт Қасқабұлақтағы Абай бұлағы әлі күнге сарқырап, тоқтаусыз ағып жатыр. Дәл осылайша данышпан ақынның көл-көсір мұрасы ұрпақ жадында мәңгілік сақталмақ. Абай сөзі – қазақтың бойтұмары, тәрбиешісі. Ақынның туған жеріндегі мәдени кешенде қазір оның қарасөздері тастарға қашап жазылып, жұрт назарына ұсынылмақ.
Бұрын осы өлке қараусыз жататын. Ақын дүниеге келген бұлақ басын кең жайлауды арнайы іздеп келетін бірен-саран адам болмаса, былайғы жұрттың іздеп табуы да қиын еді. Қазір, міне, тарихи мекен абаттандырылып, тағылымы мол шағын саябақ бой көтерді. Ел Президенті Абайды ұлықтағанда оның әкесі Құнанбай қажының да еңбегін ұмытпауымыз керектігін атап өткен. Қазір қайраткер тұлғаның өзі және әулеті жерленген қорым да ретке келтірілген. Музей құрылысы да алдағы айларда аяқталуы тиіс.
Құсман Берлешов, Құнанбай қажының ұрпағы:
- Үстем таптың, феодалдық өмірдің өкілі есебінде ол кісі еленбей қалған. Міне, Абай бабамыздың 175 жылдық мерейтойына орай әкесі де ұлықталып, Құнанбай қажының жан-жақты қалдырған іздерін зерттеу қолға алынып жатыр.
Жарқынбек Байсабыров, Абай ауданының әкімі:
- Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына Абай ауданының халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, өте үлкен ынтамен қарауда. Мысалы, қазіргі уақытта Қарауыл ауылының ортасынан Зекеновтер әулеті мешіт құрылысын бастап кетті. 2 жыл бұрын «Парыз» қоры құрылған болатын. Сол қордың аясында азаматтар тойға өз үлестерін қосып жатыр. Бұл жиналған қаражат тек той тойлауға емес, ауылымыздың халқына, әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталады.
Еуразия кіндігінде орналасқан Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесі де толық қайта жөндеуден өтіп жатыр. Осыдан ширек ғасыр бұрын Абайдың 150 жылдық мерейтойы аясында ашылған мәдени кешен ерекше кейіпке енбек. Болашақта халықаралық туризм орталығына айналдыру да жоспарда бар. Мерейтой қарсаңында Абай ауданында жалпы құны 5 млрд теңгеден асатын 19 маңызды жоба жүзеге аспақшы.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы